Қазақстандық мектеп оқушысы Әлихан Серіков Stanford University университетіне ерте іріктеу бағдарламасы (Restrictive Early Action) арқылы қабылдану туралы ұсыныс алып, оқу шығындары толық қаржыландырылатын грантқа ие болды.
Аталған университет әлемдегі ең іріктеуі қатаң жоғары оқу орындарының қатарында. Мұнда қабылдау деңгейі шамамен 3,6 пайызды құрайды. Ал шетелдік талапкерлер үшін бұл көрсеткіш одан да төмен, яғни бәсекелестік айрықша жоғары.
Әлихан Серіков – робототехника бойынша әлем чемпионатының жүлдегері. Ол FIRST Robotics Competition аясындағы жарыстарға қатысып, бастапқы деңгейдегі FIRST LEGO League кезеңінен бастап, жоғары деңгейдегі FIRST Tech Challenge санатына дейін жеткен. Команда құрамында Орталық Азияның өңірлік чемпионатында жеңіске жетіп, АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен әлемдік финалға жолдама алды.
Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша команда Inspire Award жүлдесінің үшінші орнын иеленді. Бұл марапат инженерлік шешімдер сапасы, жобалық дизайн, таныстыру деңгейі және қоғаммен өзара байланыс секілді кешенді көрсеткіштер негізінде беріледі.
Болашақта Әлихан Stanford University университетінде Management Science & Engineering бағыты бойынша білім алуды жоспарлап отыр. Бұл – технология, деректер талдауы және басқару салаларын тоғыстыратын пәнаралық білім беру бағдарламасы.












