Home Және басқа ақпараттар Және басқалары DJI 7 мың робот-шаңсорғыштағы қауіпсіздік осалдығын анықтаған қолданушыға 30 мың доллар төледі

DJI 7 мың робот-шаңсорғыштағы қауіпсіздік осалдығын анықтаған қолданушыға 30 мың доллар төледі

13

Ақпан айында цифрлық қауіпсіздікке қатысты күтпеген жағдай тіркелді. Робот-шаңсорғышын PlayStation басқару құрылғысымен байланыстыруға әрекет жасаған қолданушы кездейсоқ түрде Romo робот-шаңсорғыштары жүйесіне қол жеткізген. Бұл жүйе шамамен 7 мың құрылғыны қамтыған.

Анықталғандай, қолданушы АҚШ, Еуропа және Қытай аумағындағы құрылғылардың сенсорларынан қашықтан мәлімет ала алған. Алайда бұл әрекет мақсатты түрде жасалған бұзу емес. Жүйедегі осалдық кездейсоқ байқалған техникалық кемшілік ретінде бағаланып отыр.

The Verge басылымының мәліметінше, DJI компаниясы аталған осалдықты анықтағаны үшін қолданушыға 30 мың доллар көлемінде сыйақы берген. Компания өкілдері оның аты-жөнін жарияламаған, тек киберқауіпсіздік саласында зерттеу жүргізетін маман екенін хабарлаған.

DJI қазіргі уақытта анықталған қауіпсіздік мәселелері жойылғанын мәлімдеді. Дегенмен сарапшылар бұл бір ғана ақаумен шектелмейтінін айтады. Барлық техникалық кемшіліктерді толық түзету үшін қосымша уақыт қажет болуы ықтимал.

Айта кетерлігі, Romo робот-шаңсорғыштары бұған дейін халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкестігін растайтын ETSI, Еуропалық одақ және UL сертификаттарын алған. Бұл құжаттар құрылғының киберқауіпсіздік талаптарына және деректерді қорғау нормаларына сай екенін көрсетеді. Соған қарамастан, қарапайым қолданушының өзі жасанды интеллектіге негізделген чат-бот кеңесін пайдалана отырып, мұндай жүйеге байқамай қол жеткізе алғаны аталған сертификаттардың сенімділігіне қатысты сұрақ тудырады.

Ақпарат көзі: Overclockers