Home Технологиялар Киберқауіпсіздік Жалған инвестициялық платформаны танудың 5 белгісі

Жалған инвестициялық платформаны танудың 5 белгісі

12

Цифрлық технологиялардың дамуы инвестиция салуды көпшілікке қолжетімді құралға айналдырды. Қаржы нарығына қызығушылық артқан сайын бұл салада алаяқтық әрекеттер де көбейіп келеді. Өздерін қаржы кеңесшісі немесе инвестициялық сарапшы ретінде таныстыратын алаяқтар әсіресе әлеуметтік желілер арқылы белсенді жұмыс істейді.

Кең таралған тәсілдердің бірі — жалған инвестициялық платформа құру. Мұндай жағдайда қаскүнемдер танымал қаржы ұйымдарының немесе банктердің ресми ресурстарына ұқсатып жасалған сайттарды іске қосады. Әлеуметтік желілердегі белсенді жарнама арқылы бұл «жобалар» аз ғана қаражат салып, қысқа мерзім ішінде жоғары табыс табуға болады деген уәде береді. Жарнамалық жазбалардың астына «табысты инвесторлардың» жалған пікірлері жарияланады. Кейбір бейнематериалдарда нейрожүйелер көмегімен жасалған танымал тұлғалардың бейнесі қолданылады. Мұның барлығы аудиторияның сенімін қалыптастырып, адамдарды жалған инвестициялық платформаға қаражат аударуға көндіруді көздейді.

Жалған платформаны анықтауға көмектесетін белгілер:

  • жарнама ресми емес парақшалар арқылы таратылады;
  • ерілген сілтеме ұйымның ресми сайтына емес, бөгде интернет-ресурсқа бағыттайды;
  • қысқа уақытта жоғары табыс табуға уәде береді;
  • шешімді шұғыл қабылдауға итермелеу байқалады;
  • қосымшаны AppStore немесе Google Play арқылы емес, басқа көзден жүктеу ұсынылады.

Сақтық шаралары:

Қаржы ұйымдарының заңды қызмет атқаратынына көз жеткізу үшін олардың лицензиясын Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайтынан тексерген жөн. Банктер мен инвестициялық компаниялардың ресми интернет-ресурстарында расталмаған жарнамаларға сенім артпаңыз. Кез келген платформаға тіркелмес бұрын оның сенімділігі мен заңдылығын мұқият зерттеп, толық тексеріс жүргізбей тұрып жеке деректеріңізді немесе қаражатыңызды бөгде тұлғаларға беруден сақ болған дұрыс.

Дереккөз: Fingramota.kz.