Home Робот пен дрондар,ЖИ Қазақстанның IT-таланттары әлемнің сегіз елінде өтетін FIRST халықаралық чемпионаттарында ел намысын қорғайды

Қазақстанның IT-таланттары әлемнің сегіз елінде өтетін FIRST халықаралық чемпионаттарында ел намысын қорғайды

13

Қазақстанда цифрландыру мен жасанды интеллект жылы аясында 52 үздік командадан құралған ұлттық технологиялық құрама жасақталды. Осы құрамға енген дарынды оқушылар мен студенттер Солтүстік Америка, Еуропа және Азияның сегіз елінде өтетін FIRST халықаралық чемпионаттарында Қазақстанның абыройын асқақтатпақ.

Ұлттық кезеңнің қорытындысы еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған қатысушыларды тоғыстырған ауқымды Alem Tech Fest 2026 технологиялық фестивалі аясында жарияланды. Әлемдік аренада Қазақстанның атынан Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, сондай-ақ Қарағанды, Ақмола, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Түркістан, Павлодар, Батыс Қазақстан және Ұлытау облыстарының оқушылары мен студенттері өнер көрсетеді. Қатысушылар географиясының кеңдігі ақпараттық технологиялар мен инженерлік бағыттарды дамыту жалпыұлттық басымдыққа айналғанын айқын аңғартады.

2026 жылы қазақстандық командалар бірнеше құрлықта бақ сынайды. Олардың 16-сы 29 сәуір мен 2 мамыр аралығында АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтетін FIRST Championship әлемдік финалына жолдама алып, дүние жүзінің елу мыңнан астам қатысушысын біріктіретін байрақты бәсекеде ел намысын қорғайды. Бұдан бөлек, 36 команда Канада, Мексика, Грекия, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, Қытай және Болгарияда ұйымдастырылатын FIRST халықаралық кезеңдерінде Қазақстанның атынан қатысады.

Іс-шараны Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, USTEM Foundation қоғамдық қоры, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Дарын республикалық ғылыми-практикалық орталығы, Astana Hub халықаралық инновациялық кластері және Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне қарасты Smart Sarbaz жобасы бірлесе ұйымдастырды.

Чемпионат жастардың инженерлік дайындығының деңгейін, сондай-ақ заманауи технологиялық шешімдермен жұмыс істеу қабілетін айқын көрсетеді. Қатысушылар идеядан бастап жұмыс істейтін прототипке дейінгі жолды жүріп өтіп, бағдарламалау, автоматтандыру және күрделі жүйелерді жобалау дағдыларын меңгереді. Бұл қабілеттер бүгінгі таңда технологиялық индустрияның дамуын айқындайтын негізгі факторлардың қатарына жатады.

Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары әрі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев жастардың инженерлік және цифрлық құзыреттерін дамыту елдің технологиялық болашағы үшін шешуші мәнге ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда STEM бағытындағы білім, жасанды интеллект пен жаңа технологиялар жаңа экономиканың негізін қалайды. Қазақстанда дарынды әрі талапты жастар аз емес, ал мемлекеттің басты міндеті – олардың өсуіне жағдай жасап, халықаралық жарыстарға қатысуын қолдау және әлеуетін толық ашуға мүмкіндік беру. Осы мақсатта жастарға заманауи технологиялар мен жаһандық алаңдарға қолжетімділік ұсынатын экожүйе қалыптастырылып келеді.

Жас қатысушылар үшін әлемдік деңгейге шығу кәсіби арманға бастайтын маңызды қадамға айналды. Nomadic Dragons командасының мүшесі Әмір Семетай робототехникаға деген қызығушылығын ерекше ықыласпен жеткізді. Оның айтуынша, әрбір роботтың алғашқы қадамы мен қозғалысы өзін нағыз өнертапқыш сезінуге жетелейді. Ол алдағы уақытта Массачусетс технологиялық институтына түсуге ниетті, сондықтан үздіксіз дайындалады. Alem Tech Fest аясында Қазақстанның әр өңірінен және шет елдерден келген құрдастарымен танысып, өзара тәжірибе алмасқанын айтады. Чемпионатта Nomadic Dragons командасы екінші орын алып, енді Массачусетс штатында өтетін WPI Open 2026 жарысына қатысуға жолдама иеленді. Әмір үшін бұл ел намысын қорғау жолындағы үлкен жауапкершілік әрі зор қуаныш.

Central Asia FIRST Championship елімізде технологияға, робототехника мен бағдарламалауға деген қызығушылықтың қарқынды дамып келе жатқанын айқын көрсетеді. Қазақстандықтардың ірі жетістіктері жаңа буын инженерлері мен әзірлеушілерін қалыптастыруға бастар маңызды қадам болып, олардың бүгінде-ақ жаһандық технологиялық кеңістікке сенімді қадаммен еніп жатқанын дәлелдейді.