Home Технологиялар Ғаламтор және желі Қазақстанда суперкомпьютерлерге арналған бағдарламалық қамтамасыз етудің авторы белгілі болды

Қазақстанда суперкомпьютерлерге арналған бағдарламалық қамтамасыз етудің авторы белгілі болды

10

Қазіргі таңда Қазақстанда екі суперкомпьютер жұмыс істейді. Оның бірі мемлекеттік органдарға арналған жабық желіде қызмет көрсетіп, интернетке қосылмай жұмыс істейді. Бұл ақпаратты Қазақстанның Халықтық партиясының подкастында Қазақстан Республикасының жасанды интеллект және цифрлық даму вице‑министрі Дмитрий Мун растады, деп хабарлайды digitalbusiness.kz.

Вице‑министр елдегі есептеу қуаты бойынша суперкомпьютерлердің әлемдік рейтингтегі орнына тоқталды:

«Бүгінгі таңда әлемдегі ең қуатты суперкомпьютерлердің халықаралық рейтингі TOP‑500-де Қазақстанмен байланысқан екі суперкомпьютер көрсетілген. Мемлекеттік ALEM.ai суперкомпьютері 86-шы орында тұр. Ол тек мемлекеттік органдардың жұмысын қамтамасыз етуге арналған. Ал «Қазақтелеком» АҚ-ның суперкомпьютері 103-ші орында және ұлттық компаниялар мен нарыққа қызмет көрсетеді», – деді Дмитрий Мун.

Вице‑министр техникалық базаның құрылымына және бағдарламалық қамтамасыз етудің локализация деңгейіне қатысты маңызды түсініктеме берді.

«Суперкомпьютерлердің аппараттық бөлігі, атап айтқанда арнайы чиптер қазіргі таңда АҚШ-та өндіріледі. Бұл компоненттер жеткізілген соң кластер құрылады. Жүйеде шамамен 600 есептеу картасы біртұтас инфрақұрылымға біріктіріледі. Ал ең басты міндет – барлық есептеу модульдерін басқаратын және олардың жұмысын синхрондайтын бағдарламалық қамтамасыз етуді жасау. Мұндай шешімді, яғни суперкомпьютердің оркестраторын, ұлттық платформа мен eGov операторы – «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның отандық командасы жасап шығарды. Бағдарламалық код толықтай өз бетімен әзірленіп, ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай тексеруден өтті»,-деп атап өтті ол.

Сонымен қатар, вице‑министр мемлекеттік суперкомпьютердің қорғалған режимде жұмыс істейтінін атап өтті.

«Инфрақұрылым мемлекеттік органдарға интернетке қосылмай, жабық желіде жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл критикалық маңызды деректерді өңдеуге, мемлекеттік базаларды интеграциялауға және үлкен көлемдегі ақпаратты талдауға жол ашады. Барлық деректер Қазақстан аумағында өңделеді, бұл ақпараттық қауіпсіздіктің толық сақталуын қамтамасыз етеді»,деп хабарлады спикер.

Суперкомпьютерлердің негізгі миссиясы – мемлекеттік секторда жасанды интеллектіні қолдануға бағытталған. 2025–2026 жылдарға арналған бекітілген жол картасына сәйкес, елімізде 50 жасанды интеллект агентін құру жоспарланған. Бұл жоспар премьер-министр деңгейінде ресми бекітілген.

«Жасалып жатқан шешімдер нақты процестердің тиімділігін арттыруға арналған салалық құралдармен қатар, бюрократиялық процедураларды автоматтандыруға арналған типтік цифрлық агенттерді де қамтиды», – деп қорытындылады Дмитрий Мун.

Қазақстандық суперкомпьютерлердің дамуы еліміздің цифрлық әлеуетін арттыруда, мемлекеттік қызмет сапасын жетілдіруде және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды қадам болып отыр.