Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі биыл қаңтар айынан бастап халықты вакцинациялау мен вакциналардың қозғалысын есепке алуды «Вакцинация» модулі арқылы толық электрондық форматқа көшірді.
Бұл жүйе иммундау процестерін есепке алу мен бақылауды автоматтандыруға арналған және қағаздық есептерді толығымен электрондық форматқа алмастырды. «Вакцинация» модулінде екпе салған фактілер тіркеледі, профилактикалық екпелерді алу деңгейі бақыланады, сондай-ақ вакциналардың қозғалысы қадағаланады.
Модуль нақты уақыт режимінде Ұлттық профилактикалық екпелер күнтізбесін сақтау, вакцинацияның уақытылы өтуін бақылау, екпе алмағандардың себептерін тіркеу, сонымен қатар қосымша жаппай иммундау іс-шараларын өңірлер мен жас топтары бойынша қадағалауға мүмкіндік береді.
Ерекше функционал вакцинациядан бас тартуларды талдау және олардың медициналық ұйымдар бойынша таралуын бағалау үшін қарастырылған.
Цифрлық есеп форматы деректерді қайта енгізудің алдын алады және ақпараттың сенімділігін арттырады, бұл көрсеткіштерді салыстыруға және басқарушылық шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік береді.
«Вакцинация» модулін енгізудің негізгі мақсаты – иммунизациялық бағдарламаларды тиімді басқару, вакциналарға қажеттілікті дәл жоспарлау және вакцинация деңгейінің төмендеуіне уақытылы жауап беру.
Ақпараттық жүйені дамыту денсаулық сақтау саласын цифрландыру аясында жүргізіліп, иммундау бойынша сенімді біртұтас деректер базасын қалыптастыруға бағытталған.












