Home Аналитика Қазақстанда Құрылыс саласының бірыңғай порталы іске қосылды

Қазақстанда Құрылыс саласының бірыңғай порталы іске қосылды

13

Қазақстанда құрылыс саласын цифрландыруға бағытталған Құрылыс саласының бірыңғай порталы қолданысқа енгізілді. Бұл платформа құрылысқа қатысты салалық жүйелердің қызметтерін, ақпараттық ресурстар мен мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді бір арнаға тоғыстырады. Порталдың мүмкіндіктері туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында баяндады.

Жаңа портал арқылы қазақстандықтарға республика аумағындағы 89 қала бойынша құрылысқа қажетті бастапқы және рұқсат құжаттарын алу мүмкіндігі ұсынылып отыр. Олардың қатарында сәулет-жоспарлау тапсырмасы, инженерлік желілерге қосылуға арналған техникалық шарттар, сондай-ақ нобайлық жобаларды келісу қызметтері бар.

Сонымен бірге құрылыс жобаларын әзірлеуді ұйымдастыруға қатысты үдерістер де толықтай цифрлық форматқа көшірілген. Бұл жобалау кезеңіндегі уақыт шығынын азайтып, рәсімдерді жеңілдетуге бағытталған. Құрылысқа қатысушы тараптар арасындағы ақпарат алмасудың ашықтығы мен үздіксіздігі әр нысанға берілетін бірегей нөмір арқылы қамтамасыз етіледі. Осы нөмір салалық ақпараттық жүйелерді өзара байланыстыруға мүмкіндік береді.

Комитет төрағасының айтуынша, портал «бір терезе» қағидатына негізделіп жұмыс істейді. Пайдаланушылар egov.kz арқылы бір рет тіркеліп, кейін қосымша қайта кірусіз барлық қызметті пайдалана алады.

Бақытжан Жүнісбеков сондай-ақ 9 қаңтарда Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының жаңа Құрылыс кодексіне қол қойғанын еске салды. Оның айтуынша, бұл құжат аумақтардың орнықты дамуын қамтамасыз етуге және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.