Home Технологиялар Жас зерттеушілер STEM-жобалары арқылы ғылым мен техникада әлеуетін көрсетті

Жас зерттеушілер STEM-жобалары арқылы ғылым мен техникада әлеуетін көрсетті

15

Қарағанды облысының мектеп оқушылары республикалық робототехника чемпионаты Astana FIRST Qualifier сайысында жоғары нәтиже көрсетіп, Орталық Азия чемпионатына жолдама жеңіп алды.Аймақтық қалалар мен арнаулы лицейлерден келген топтар жүлделі орындарға ие болып, робототехника саласындағы білім мен дағдыларын паш етті.

Astana FIRST Qualifier – халықаралық FIRST білім беру қозғалысының республикалық кезеңі. Биылғы маусым археология тақырыбына арналған. Қатысушылар автономды роботтар жасап, инженерлік және цифрлық шешімдерді қолданып, мәдени мұраны сақтауға және археологиялық жұмыстардағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған жобаларды ұсынды.

Жоғары нәтижелерді «Дарын» арнаулы мектеп-лицей-интернатының оқушылары көрсетті. 2026 жылғы Astana FIRST & DRONES CHAMPIONSHIP халықаралық турнирінде Орталық Азиядан келген 88 топ арасынан Asian Sharks және Ancient T-REX оқушылар тобы бірінші және екінші орындарды иеленді.

Қатысушы топтардың жетекшісі Назира Смагулова сайыста тек робот жинау емес, ойды қорғау және топ ішіндегі ынтымақтастықты көрсету де маңызды екенін атап өтті. Әр қатысушының өз рөлі бар: бірі Core Values (негізгі құндылықтар) номинациясында жобаны қорғайды, ал бірі автономды робот жасап, «Робот ойыны» номинациясындағы миссияларды орындайды. Сайыс соңында судьялардың кеңестері ескеріліп, белсенді дайындық жүргізілуде. Бұл балалар үшін ғылым мен технология саласындағы әрі қарайғы даму жолында маңызды қадам болып саналады.

Ancient T-REX тобының мүшесі Абылайхан Жанболатұлы жобаларының мақсаты археологияны IT-технологиялар мен ойын элементтері арқылы қызықты әрі қолжетімді ету екенін айтты. Оқушылар 3D-модельдеу элементтері мен интерактив тапсырмаларды қамтитын цифрлық өнім әзірледі.

Asian Sharks тобы Қарағанды өңіріндегі өзекті мәселеге — жер асты шахталарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған жоба әзірледі. Бұл шешімді археология мен тау-кен өндірісінде қолдануға болады.

Топ мүшесі Адия Шамелова робот пен цифрлық платформаның көмегімен археологиялық нысандар мен шахталардағы қауіптерді алдын ала анықтауға болатынын айтты. Робот датчиктермен жабдықталған және қауіпті аймақтарда жұмыс істей алады. Адам роботты қашықтан басқарып, өз өмірін қауіпке тікпейді.

Қарағандық «Білім-Инновация» №1 лицейінің оқушылары да жоғары нәтиже көрсетті. FIRST LEGO League Challenge категориясында төрт топ сайысқа түсті. Сайыс қорытындысы бойынша Spectral және Heptory топтары Орталық Азия кезеңіне жолдама алды, қалғандары инженерлік және мотивациялық номинацияларда марапатталды.

№2 лицейдің Error 404 және Sparks құрамдары да жоғары нәтижеге қол жеткізді. Бұл құрам тек қыздардан құралған болатын. Алдымен олар First Ladies Regional сайысында өзара жарысып, кейін Astana Drone and Robot First Qualifier турнирінде сынға түсті. Бұл жолы бәсекелестік қатты болды: First League Challenge категориясында 80 топ бақ сынады, олардың қатарында әртүрлі облыстар мен Астана құрамдары да бар еді.

Сайыс қорытындысы бойынша екі топ та робот ойынында үздік жиырмаға енді және Core Values номинациясында екінші орынға ие болды.

Ең жас жеңімпаздар Қарағанды облысынан шыққан Robo Stars Saran тобы болды. Қатысушылардың жасы небәрі 9–10. Олар өз санатында чемпион атанып, еліміздің бес облысынан келген шамамен 50 қарсыласты жеңді. Жоба STEM-білімді қолдануға бағытталған және жас робототехниктердің ғылым мен техника саласындағы әлеуетін айқын көрсетті.