Home Кәсіби маман Елімізде алаяқтыққа ұшыраған азаматтарға несие беру шектеледі

Елімізде алаяқтыққа ұшыраған азаматтарға несие беру шектеледі

23

Қазақстандағы банктер енді күмәнді қоңыраулар алған азаматтарға несие беруден автоматты түрде бас тартатын болады. Бұл жүйе интернет-алаяқтыққа қарсы күресті күшейту мақсатында Бас прокуратура әзірлеген жаңа жоба аясында енгізілмек.

«Жобаны банктердің ақпараттық жүйелерімен біріктіру қарастырылуда. Қазіргі уақытта Kaspi банкімен пилоттық сынақ жүргізілуде. Осы арқылы алаяқтық қоңыраулар алған немесе қауіп тобында саналатын азаматтарға автоматты түрде несие берілмейді» – деді Бас прокурор Берік Асылов депутаттық сауалға жауап бере отырып.

Күн сайын 20 мыңнан астам күмәнді қоңыраулар тіркеледі. Жаңа жүйе халықаралық қоңырауларды толық бақылауға алып, олардың заңсыз әрекеттерін уақытылы тоқтатады.

Күмәнді қоңыраулар алған азаматтарға арнайы ескерту хабарламалары жіберіледі. Хабарламаларда алаяқтық әрекеттерге сақ болу, SMS арқылы келген кодтарды ешкімге бермеу туралы нақты нұсқаулар көрсетіледі.

Болашақта елдегі барлық телекоммуникациялық операторларды біріктіретін біртұтас қоңырау орталығы құрылмақ. Ол күмәнді қоңыраулар жөнінде ақпарат қабылдап, оларды жедел тоқтата алады және жалған нөмірлерден жасалған қоңыраулар туралы толық мәлімет береді. Мұндай жүйе азаматтарға қауіптің алдын алуға және қажетті шараларды уақытылы қолдануға мүмкіндік береді.

Интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл аясында Бас прокуратура 9,4 мың несие келісімдері бойынша 8,3 миллиард теңге қарызды өндіріп алу жұмыстарын тоқтатып, қосымша 1,6 миллиард теңге қарызды толықтай жойған.