Home Қаржы Мемлекеттік сатып алуларда ҚҚС белгісі бар цифрлық теңге енгізіледі

Мемлекеттік сатып алуларда ҚҚС белгісі бар цифрлық теңге енгізіледі

26

Қаржы министрлігі мемлекеттік сатып алу жүйесінде қосылған құн салығы белгіленген цифрлық теңгені қолдануға арналған пилоттық жобаны іске қосты. Бұл туралы LS хабарлайды.

Пилоттық жоба аясында мемлекеттік сатып алуларға қатысатын жеткізушілер есеп айырысуды және қосылған құн салығын төлеуді цифрлық теңге арқылы жүзеге асыра алады.

Құжатта атап өтілгендей, пилоттық жобаның басты мақсаты – мемлекеттік сатып алуларға қатысушылар үшін салықтық міндеттемелерді орындау үдерісін жеңілдету және оның тиімділігін арттыру. Жобаны іске асыру тапсырыс берушілер мен жеткізушілер арасындағы қаржылық есеп айырысулардың ашықтығы мен қадағалануын қамтамасыз етуге, бюджетке түсетін түсімдердің толықтығы мен уақтылылығын арттыруға, салықтық тәуекелдерді азайтуға және жалған қаржылық схемаларды қолдану мүмкіндігін шектеуге бағытталған.

Бұл ретте салық сомасы арнайы белгіленеді. Мұндай қаражатты тек бюджетке қосылған құн салығын төлеуге немесе ҚҚС төлеушілер арасындағы өзара есеп айырысуларға ғана пайдалануға болады.

Жобаға Ұлттық банк, Мемлекеттік кірістер комитеті, Мемлекеттік қазынашылық комитеті, екінші деңгейлі банктер, сондай-ақ мемлекеттік сатып алуларға қатысушы компаниялар қатысады.

Қаржы министрлігінің жоспарынша, жаңа тетік бюджетке қосылған құн салығының толық әрі уақытылы түсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Тиісті бұйрық 2026 жылғы 2 ақпаннан бастап күшіне енді. Пилоттық жоба 2026 жылдың соңына дейін жалғасады және оған қатысу ерікті негізде жүзеге асырылады.

Айнаш Ондирис