Home Және басқа ақпараттар Және басқалары «Қазақтелеком» кейбір жаңалық арналарына қосымша төлем енгізді

«Қазақтелеком» кейбір жаңалық арналарына қосымша төлем енгізді

33

«Қазақтелеком» компаниясы абоненттерге кейбір жаңалық арналарын көру үшін қосымша төлем жасау керегін хабарлады. Бұл өзгеріс арналардың құқық иелері мен компания арасындағы келісім шарттың жаңартылуына байланысты енгізілді.

Егер бұрын жаңалықтар пакеті тегін ұсынылса, енді оның құны 300–315 теңгеге дейін ұлғаяды.

Бұл төлем BBC News, TRT World HD, DW HD, «Мир 24», France 24 HD, Euronews HD сияқты халықаралық жаңалық арналарын, сондай-ақ ТМД елдерінің арналарын — «Беларусь 24 HD», «ТНВ–Планета», «Россия 24», TRT AVAZ HD, «РБК», «НТВ Мир», «Россия РТР» және «Первый канал» қамтиды.

Компания өкілдерінің айтуынша, қосымша өтініш жазудың немесе арналарды бөлек қосудың қажеті жоқ. Барлық арналар қолжетімді болып қала береді, тек пакет құны өседі.

Бағаның өсуі абоненттерді қуанта қоймайтыны түсінікті, бірақ көпшілік оны салыстырмалы түрде сабырмен қабылдауда.

Мысалы, медициналық колледж студенттері Айгүл мен Ясмин телевизор көрмейтінін айтып өтті. Олар өздеріне қызық ақпаратты смартфоннан табатындықтан, бағаның өскенін байқамаған және бұл оларға аса әсер етпейді.

«Біздің үйде тек апашамыз ТВ көреді.Ол барлық сериалдарды қатар қосып көретін әдеті бар. Әсіресе махаббат тақырыбындағы түрік сериалдарын ұнатады. Актерлерді мақтап отырады. Меніңше, қосымша төлем жасауға болады», – деп күлді Айгүл.

Тіпті зейнеткер Татьяна Ивановна да тарифтің өсуін аса күрделі жағдай деп санамайды. Оның айтуынша, бағаның өсуі жағымсыз болса да, бұл сома зейнеткерлер үшін аса ауыр емес, ал кешке түрлі фильмдерді көру әдетінен айырмайды.

Сонымен қатар, «Қазақтелеком» компаниясы қосымша төлемсіз де TV Plus платформасындағы барлық тарифтер бойынша ҚР жаңалық және мемлекеттік, сондай-ақ аймақтық орталық телеарналар қолжетімді болатынын жеткізді. Яғни, қазақстандықтар ақпаратқа қолжетімділіктен айрылмайды.