1960 жылдың шілдесінде америкалық физик Теодор Мейман алғашқы лазерді жасаған сәттен бастап, бұл технологияны әскери мақсатта қолдану мүмкіндігі де айтыла бастады. Алайда идеяның нақты іске асуына ұзақ уақыт қажет болды. Тек 1982 жылы Фолкленд аралдары үшін болған қақтығыс кезінде Ұлыбританияның әскери-теңіз күштері Аргентина әуе күштерінің ұшқыштарына қарсы төмен қуатты лазерді қолданды. Ол ұшқыштарды уақытша көру қабілетінен айыруға арналған еді.
Қырғи-қабақ соғыс кезеңінде АҚШ пен Кеңес Одағында лазерді соққы беретін қару ретінде пайдалану жолдары іздестірілді. Бірақ сол кездегі технология мұндай жүйелерді толыққанды қаруға айналдыруға мүмкіндік бермеді. Тек соңғы жиырма жылда бұл бағыттағы зерттеулер қарқын алды. Әскери мамандар бір тоқтамға келді: лазер нақты ұрыс құралдарының қатарына қосылуы үшін жоғары қуатқа ие болып қана қоймай, нысананы дәл көздейтін және атмосфераның әсерін есепке алатын басқару жүйелерімен жабдықталуы тиіс.
Осы талаптардың нәтижесінде қатты денелі лазерлер жасалды. Мұндай қондырғыларда арнайы қоспалармен өңделген шыны талшықтар пайдаланылады. Олардың қатарында иттэрбий, эрбий, туллий, германий секілді сирек элементтер бар. Бұл технология лазер құрылғыларын ықшам әрі тиімді етуге мүмкіндік берді. Сонымен бірге бірнеше лазердің сәулесін біріктіріп, қуаты әлдеқайда жоғары бір сәуле қалыптастыру жолы ашылды.
Өткен жылдың 28 желтоқсанында Израиль Қорғаныс армиясы жоғары қуатты Iron Beam тактикалық лазерлік кешенін ресми түрде қарулануға қабылдағанын мәлімдеді. Бұл жүйе қысқа қашықтықтағы зымырандар мен миномет оқтарын әуеде жоюға арналған.
Қазіргі уақытта лазерлік қару әзірлеу жарысына Ресей, Қытай, АҚШ, Израиль, Франция, Ұлыбритания және Оңтүстік Корея секілді оннан астам мемлекет қатысып отыр. Ашық деректерге сәйкес, бүгінгі күні түрлі елдердің қарулы күштерінде 17 тактикалық лазерлік жүйе бар. Дегенмен олардың басым бөлігі әзірге бір ғана міндет атқарады және негізінен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерінің құрамында қолданылады.
Соған қарамастан, лазерлік қарудың болашағы зор. Мұндай жүйелер нысананы жарық жылдамдығымен жоя алады, оқ-дәрі қоры іс жүзінде шексіз, ал бір рет қолданудың құны өте төмен. Осы артықшылықтар лазер технологиясына деген қызығушылықты арттырып отыр. Сондықтан бұл саладағы зерттеулер мен әзірлемелер алдағы жылдары да жалғаса бермек.
Александр Агеев
Дереккөз — New Atlas










