Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетіне қарасты Қылмыстық қатерлер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы интернет кеңістігінде пайда болған жаңа алаяқтық тәсіл туралы ескертті.
Мамандардың мәліметінше, алаяқтар Telegram арқылы тегін электронды кітаптар ұсынып, пайдаланушыларға зиянды файлдар жүктетіп жүр. Олар өзін үлкен кітап қоры бар, шектеусіз қызмет көрсететін платформа ретінде таныстырады.
Алаяқтық қарапайым жолмен жүзеге асады. Пайдаланушыға Telegram арқылы кітапханаға тегін қолжетімділік бар екені туралы хабарлама келеді. Қажетті кітапты сұраған кезде бот шынайы сервистің кейпін танытып, шығарманың қысқаша мазмұнын береді. Алайда кітаптың өзі берілмейді. Оның орнына арнайы бағдарлама деп көрсетілген қауіпті файл жолданады.
Файлды орнату ауыр салдарға алып келуі мүмкін. Мамандар бұл жағдайда жеке мәліметтердің ұрлану қаупі бар екенін ескертеді. Алаяқтар парольдер мен банк шоттарына, электронды әмияндарға қол жеткізіп, хат алмасулар мен жеке фотосуреттерді көре алады. Тіпті смартфонды қашықтан басқару мүмкіндігі де бар.
Құқық қорғау органдары ресми емес көздерден алынған бағдарламаларды орнатуға болмайтынын тағы да еске салады. Белгісіз файлдар құрылғының қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіреді және деректердің жоғалуына себеп болады.
Сондықтан азаматтарға саналы цифрлық мінез-құлықты ұстану, күмәнді сілтемелер мен хабарламаларға өтіп алмау, жеке қырағылықты сақтау ұсынылады. Киберқауіпсіздік ережелерін сақтау — алаяқтықтан қорғанудың ең сенімді жолы.










