Home Технологиялар Киберқауіпсіздік Қазақстан тұрғындары нені ескеруі керек?

Қазақстан тұрғындары нені ескеруі керек?

15

Интернеттегі алаяқтық, жалған хабарламалар тарату мен жоқ қызметтер туралы хабарландырулар орналастыру – Қазақстандағы алаяқтық фактілерінің негізгі түрі. Бұл туралы Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есеп комитеті хабарлады.

Комитет деректері бойынша, 2025 жылдың желтоқсан айына дейін «Алаяқтық» бабы бойынша тіркелген құқық бұзушылықтардың саны 47 483-ке жеткен. Оның көп бөлігі – интернеттегі алаяқтық, яғни 28 851 факт.

Азаматтарды алдау әдістерін бөлшектеп қарасақ, 6 812 құқық бұзушылық банктер атынан жалған SMS-хабарламалар немесе телефон қоңыраулары арқылы жасалған.

Сонымен қатар, жоқ қызметтерге жарнама жариялау арқылы 5 768 жағдай тіркелген; веб-сайттар, электрондық пошта, сілтемелер мен смартфон қосымшалары арқылы фишинг – 5 420; онлайн қарыз рәсімдеу – 5 005; интернет-дүкендер арқылы жасалған алаяқтық – 4 868 фактіні құраған.

Халық қаржылық пирамида мен инвестициялық жобалардан да зардап шекті. Мұндай құқық бұзушылықтың жалпы саны 1 681.

Сонымен қатар, әлеуметтік желі мен мессенджерлерде аккаунт немесе доменді бұзу (629 факт), криптовалютамен алаяқтық (517), қаржы ұйымдары атынан немесе қарыз сұрау арқылы хабарламалар тарату (368), жалған лотерея мен байқаулар (143), қайырымдылық атынан алдау (141) және жалған онлайн-казино (60) сияқты жағдайлар тіркелген.