Apple компаниясының Google-мен жасанды интеллект саласындағы серіктестігі Alphabet корпорациясы әлемдегі нарықтық құны 4 триллион доллардан асқан компаниялар қатарына енген тұста жарияланды.
Apple өз виртуалды көмекшісі Siri-ді жетілдіру және iPhone құрылғыларына жасанды интеллектіге негізделген жаңа мүмкіндіктер енгізу үшін Google технологияларына сүйенбек. Қазіргі таңда тіпті технологиялық трендтерді қалыптастырып келген Apple-дің өзі жасанды интеллекттегі жаңа бәсекеде көшбасшыларды қуып жетуге мәжбүр.
Apple-ге Google-дің жасанды интеллект технологияларын қолдануға мүмкіндік беретін келісім екі алпауыт компанияның дүйсенбі күні жасаған бірлескен мәлімдемесінде жарияланды. Серіктестік Google әзірлеген Gemini технологиясына негізделіп, «Apple Intelligence» деп аталатын жасанды интеллект функцияларын iPhone мен өзге де Apple өнімдеріне бейімдеуді көздейді.
Google және басқа да компаниялар жасанды интеллект жарысында алға шыққаннан кейін, Apple бұл бағыттағы алғашқы ауқымды қадамын 2024 жылы iPhone-ға арналған жаңа бағдарламалық жаңарту аясында іске асыруға уәде берген еді.
Алайда Apple ұсынған жасанды интеллект мүмкіндіктерінің басым бөлігі әлі де әзірлеу кезеңінде қалып отыр. Ал бұл уақытта Google мен Samsung өз құрылғыларына мұндай технологияларды белсенді түрде енгізуді жалғастырып келеді.
iPhone-дағы ең көзге түсетін олқылықтардың бірі – Siri жүйесінің түбегейлі жаңартылмауы. Бұған дейін уәде етілген жаңарту жиі шатасатын көмекшіні табиғи диалог жүргізе алатын, бір мезетте бірнеше тапсырманы орындайтын әмбебап көмекшіге айналдыруы тиіс болатын.
Өткен жазда Google тіпті Pixel смартфонының жаңа моделіне арналған жарнамасында iPhone-дағы жасанды интеллекттің әлсіз тұстарын астарлы әзілмен сынаған еді.
Жасанды интеллект саласындағы олқылықтар Apple-ді былтыр Siri жаңартуы тек 2026 жылы ғана іске асатынын мойындауға мәжбүр етті.
Apple-дің іс жүзінде Google-дің жасанды интеллектін мойындауы – Google үшін үлкен жеңіс саналады. Компания Gemini технологиясына негізделген функцияларды іздеу жүйесі мен Gmail қызметіне біртіндеп енгізіп келеді.
Бұл ілгерілеу Google-дің OpenAI компаниясымен және Apple-мен келісімі бар, iPhone-да қосымша ретінде қолжетімді ChatGPT чат-ботымен бәсекесін күшейтті.
Жасанды интеллекттегі жетістіктер Google-дің бас компаниясы Alphabet Inc-ке инвесторлар бағалауынша Apple-ден сәл қымбат болуға мүмкіндік берді. Дүйсенбі күні Alphabet алғаш рет нарықтық құны 4 триллион доллардан (3,4 триллион еуро) асқан межеге жетті.
Қазіргі таңда Alphabet-тің нарықтық құны Apple-ден шамамен 150 миллиард долларға (128,5 миллиард еуро) жоғары. Ұзақ жылдар бойы капитализация бойынша әлемде көш бастап келген Apple-дің орнын жасанды интеллект саласындағы өсім өзгертіп отыр.












