Home Роботтар, дрондар мен ЖИ Қазақстанда Gemini жасанды интеллект үлгісі қазақ тілінде іске қосылды

Қазақстанда Gemini жасанды интеллект үлгісі қазақ тілінде іске қосылды

10

Қазақстанда Gemini жасанды интеллект жүйесі қазақ тілінде жұмыс істей бастады. Бұл – Google компаниясының жасанды интеллектті түрлі тілдік ортаға бейімдеуге бағытталған кең ауқымды бастамасының бір бөлігі. Gemini-дің үшінші буынын іске қосу аясында қазақ тілі 23 жаңа тілдің қатарына енді. Нәтижесінде қазақстандық пайдаланушылар жасанды интеллект мүмкіндіктерін өз ана тілінде, әлемдегі ірі тілдермен бір деңгейде пайдалана алады.

Қазіргі таңда Gemini жүйесінің қазақ тіліндегі интерфейсі веб-нұсқада жұмыс істеп тұр. Оны іске қосу үшін Google парақшасының баптауларынан қазақ тілін таңдау жеткілікті. Ал Android пен iOS жүйелеріне арналған мобильді нұсқалар, сондай-ақ нақты уақыт режимінде тілдесуге мүмкіндік беретін Gemini Live қызметі жақын арада іске қосылады деп жоспарланған.

Gemini-дің қазақ тілінде қолжетімді болуы Google компаниясының Қазақстандағы жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған ауқымды жұмысының жалғасы болып отыр. Бұл бастама кадр даярлау, цифрлық дағдыларды жетілдіру және жергілікті әзірлеушілерді қолдау бағытындағы жобаларды да қамтиды. Компанияның бағалауынша, жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару саласына енгізу еңбек өнімділігін арттырып, бюджеттік жүйенің тұрақтылығын күшейтуге және ел экономикасының өсуіне оң ықпал ете алады.

Жасанды интеллект және цифрлық даму саласына жауапты ведомство өкілдерінің айтуынша, әлемдік деңгейдегі ІТ-шешімдердің қазақ тілінде іске қосылуы цифрлық мемлекетті қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Бұл азаматтар үшін технологиялардың қолжетімділігін арттырып, бәсекеге қабілетті жасанды интеллект ортасын дамытуға негіз қалайды.

Министрлік алдағы уақытта да халықаралық технологиялық серіктестермен бірлесіп, жасанды интеллектіні дамыту, цифрлық өнімдерді жергіліктендіру және жаңа буын мамандарын даярлау бағытындағы жұмысты жалғастыра бермек.