30 желтоқсаннан бастап Қазақстанда SIM-карталарды алаяқтар пайдалануына жол бермейтін заңдық түзетулер күшіне енеді. Бұл туралы Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект министрлігінің өкілдері LS агенттігіне мәлімдеді.
Заңға енгізілген өзгерістер қаржы нарығын дамыту және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында қабылданған. Жаңа ережелер 30 желтоқсаннан бастап барлық азаматтарға қолданысқа енеді.
Енді бір абонент бірден 10-нан артық номер тіркей алмайды. Егер одан көп номер тіркелсе, оның себебі нақты түсіндіріліп берілуі тиіс.
SIM-карталарды рәсімдеу кезінде биометриялық сәйкестендіру енгізіледі. Бұл әр абоненттің деректерінің қорғалуын күшейтеді.
Сонымен қатар, байланыс операторлары өздерінің ішкі алаяқтыққа қарсы жүйелерін күшейтіп, рұқсат етілмеген қоңыраулар мен хабарламаларды қабылдамауға міндетті. Елде жергілікті, қалалық, халықаралық және ұялы байланыс арқылы келетін осындай қоңыраулар мен хабарламаларға тікелей тыйым салынады.
Бұл шаралар азаматтарға қарсы алаяқтық әрекеттердің қауіпін айтарлықтай төмендетеді.
Министрлік мәлімдегендей, деректер көбіне фишинг, әлеуметтік инженерия әдістері, ішкі пайдаланушылардың заңсыз әрекеттері немесе азаматтардың цифрлық сауаттылығы мен қауіпке дайын еместігі салдарынан қауіпке ұшырайды. Сондықтан мәселені шешу үшін технологиялық, құқықтық және ұйымдастырушылық кешенді тәсіл қажет.
Осы мақсатта елде eGov арқылы персоналдық деректерге қолжетімділікті бақылау үшін мемлекеттік сервис енгізілген. Онда мемлекеттік жүйелерден алынған деректерге қолжетімділік келісімдері жинақталады.
Сонымен қатар, несиелерді алу мүмкіндігін шектеу функциясы іске қосылды. Халықты киберқауіпсіздік мәселелері бойынша ақпараттандыру үшін тегін порталдар ашылған.
Жеке деректерді қорғау, электрондық цифрлық қолтаңба және ақпараттандыру саласындағы заң бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтілді.












