Home Кәсіби маман Цифрлық ауыл – бүгінгі күннің шындығы

Цифрлық ауыл – бүгінгі күннің шындығы

24

Қарағанды облысында ауыл шаруашылығы саласында цифрлық технологиялар қарқынды қолданыла бастады. Қазіргі таңда малшыларға табын іздеп даланы шарлау қажет емес, арнаулы қосымша арқылы мал қай жерде жайылып жүргенін бір сәтте көруге болады. Агротехнологиялар фермерлердің еңбегін жеңілдетіп, өндірістің тиімділігін арттырып, ауыл өмірін заманауи стандартқа жеткізуде.

Осындай жаңалықтардың арқасында ауылдағы еңбек өнімді, өмір жайлы, ал жас мамандар үшін тартымды болып отыр.

Мәселен, аттардың мойнына немесе қасына тағылатын GPS-трекерлер аймақтағы шаруашылықтарда тез танымал болды. Жылқы өсірушілер енді малдың қозғалысын, жайылымдағы жағдайын смартфон арқылы бақылап, уақыт пен күшін үнемдейді.

Кішкентай құрылғы күн энергиясымен жұмыс істеп, нақты координаттарды спутниктік желі арқылы жібереді. Қосымшаны ашқан фермер бүкіл табынның орналасқан жерін картадан нақты уақыт режимінде көре алады.

Агросарапшылардың айтуынша, бұл құрылғы жоғалған малды табуға ғана емес, олардың белсенділігін, денсаулығын қадағалауға мүмкіндік береді. Кейбір трекерлерде температура мен қозғалысты өлшейтін сенсорлар бар. Егер мал ұзақ қозғалмаса, жүйе автоматты түрде хабарлама жібереді. Бұл, әсіресе, тұқымдық шаруашылықтар үшін маңызды, себебі әрбір тұлға есепке алынады.

Ақтоғай ауданының «Жанқұтты» шаруашылығының жетекшісі Азамат Ғазизұлы жаңа технологиялар жұмысын айтарлықтай жеңілдеткенін атап өтті.

«Бұрын малды іздеп далада атпен немесе мотоциклмен жүретінбіз. Қазір тек телефон экранына қарап, жылқылар қай жерде жайылып жүргенін көруге болады. Бұл уақытты да, отынды да үнемдейді. Ең бастысы, мал ұрлығы дерлік жойылды», – дейді ол.

Жақында өңірде тері астына енгізілетін көрінбейтін чиптерді қолдану жоспарланып отыр. Мұндай құрылғы ұрланған малдың жолын жылдам қадағалауға мүмкіндік береді. Тіпті мал союға берілсе де, чип деректері оқиғаның уақытын және орнын сақтайды.

Аймақта цифрлық егіншіліктің көшбасшысы – Нұрин ауданының «Шахтёрское» шаруашылығы. Мұнда топырақты өңдеуден бастап егін жинауға дейінгі барлық кезеңдер автоматтандырылған орталық арқылы бақыланады.

«Біздің алқаптарда GPS-навигациясы мен автопилоты бар тракторлар мен комбайндар жұмыс істейді. Бұл отын шығынын азайтып, артық жүрістерді болдырмайды. Дрондар арқылы егіннің жағдайын қадағалаймыз, арамшөп пен зиянкестердің пайда болуын анықтаймыз. Бұрын өнімділікті көзбен бағаласақ, қазір сенсорлар мен спутниктік карталар арқылы нақты деректерге сүйенеміз. Су жетпесе, қосымша суару жүргіземіз. Нәтижесінде өнімділік айтарлықтай артты», — дейді шаруашылық жетекшісі Георгий Прокоп.

Шаруашылықта AgroData және Cropio сияқты аналитикалық платформалар қолданылады. Олар ауа райы, топырақ ылғалдылығы мен өсімдіктердің өсуін бақылап, деректерді сараптайды.

Ал Нұрин ауданының Көбетей ауылындағы алғашқы «ақылды» сүт ферма екі жыл ішінде толық автоматтандырылып, күніне 1100 сиырдан 30 тоннаға дейін сүт өндіріп отыр.

«Фермадағы жүйелер тек сауыт сүю процесін басқарып қана қоймай, әрбір сиырдың жағдайын, әсіресе температурасын, пульсін, рационын, белсенділігін қадағалайды. Барлық ақпарат орталық пультке түседі. Біз DairyComp атты еуропалық технологияны енгіздік, ол малдың электрондық профильдерін жасап, барлық көрсеткіштерді нақты уақыт режимінде тіркейді», – дейді ферма жетекшісі Жансерік Сейітмуратұлы.