2025 жылғы қарашадан бастап энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасы аясында электрондық сатып алу платформасы – МӘС іске қосылады.
Сатып алу процесін цифрландыру ұлттық жобаның тиімді жүзеге асырылуының негізгі құралы ретінде қарастырылады.
Барлық нұсқаулықтар мен ресми құжаттар МӘС-тің ресми сайты modernization.kz порталында қолжетімді. Мұнда қатысушылар жобаларға қойылатын талаптармен алдын ала танысып, дайындалуға мүмкіндік алады.
МӘС электрондық сатып алу платформасы жаңғырту жобаларын басынан аяғына дейін қамтиды, өтінім беруден бастап нысанды пайдалануға енгізуге дейінгі барлық кезеңдерді жүйелі түрде бақылайды. Жүйе маңызды процестерді автоматтандырады, соның ішінде:
- жобаларды жоспарлау, таңдау және бекіту, сондай-ақ олардың іске асырылуын барлық кезеңде бақылау;
- жаңғыртуды қаржыландыру механизмдерін анықтау және жобалар үшін несие пайыздық ставкалары бойынша субсидия беру шарттарын белгілеу;
- жобаларды жүзеге асыруға қажетті жұмыстар мен қызметтерді сатып алу – мердігерлік ұйымдарды таңдау және «кілтке» келісімшарттарды (EPC форматында) электрондық түрде жасау;
- табиғи монополия субъектілеріне несие ставкаларын субсидиялау;
- қазақстандық тауар өндірушілерден жабдықтар мен материалдарды сатып алу және оларға офтейк-келісімшарттар жасау арқылы отандық бизнесті қолдау;
- аталған процестердің барлығына есеп беру және аналитика қалыптастыру арқылы жобаның жүзеге асырылуын бақылау.
Электрондық жүйе барлық кезеңде ашықтықты, жылдамдықты және бақылауды қамтамасыз етеді. Әр өтінімге бірегей ID беріледі, барлық бекітушілер мен орындаушылардың әрекеттері электрондық цифрлық қолтаңбамен расталады, құжаттар электрондық форматта сақталады.
Платформа мемлекеттік тіркеулер мен салалық деректер базаларымен біріктірілген, бұл ақпараттың қайталануын болдырмайды және қажетті мәліметтерді автоматты түрде тексеруге мүмкіндік береді.
Бұл тәсіл процестерді айтарлықтай жылдамдатып, бақылауды күшейтеді. Жауапты органдар әр жобаның ағымдағы жағдайын көре алады, ал мерзімнің ұзаққа созылуы немесе әрекеттердің үйлеспеуі қаупі мейлінше азаяды.
Платформаға министрліктер мен әкімдіктердің уәкілетті тұлғалары жобаларды бекіту үшін, сондай-ақ өтінім беруші компаниялар өз құжаттарын жеке кабинет арқылы тапсырып, қаралу барысын қадағалау үшін қол жеткізе алады.
Сонымен қатар, ашық аналитикалық веб-портал (дэшборд) және байланыс орталығы құрылуда, олардың арқасында қоғам ұлттық жобаның іске асырылуы туралы өзекті ақпарат ала алады. Онлайн-карта мен интерактивті статистикалық панельдер жобалар бойынша жұмыстарды нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Пайдаланушылар қай нысандар келісім кезеңінде тұрғанын, қай жерде құрылыс жұмыстары басталғанын және қандай жобалар аяқталғанын көре алады.
МӘС ұлттық жобасы тек энергетика мен коммуналдық саланың маңызды инфрақұрылымын жаңартуға бағытталған емес, сонымен қатар әр кезеңде жаңғырту процестерін басқаруға арналған озық цифрлық шешімдерді енгізуге де негіз болады.











