Бейнеойын әзірлеушілер мен коммуналдық сала өкілдері алғаш рет S&P 500 индексінің алғашқы ондығына енді, деп хабарлайды LS.
ITS сарапшыларының мәліметінше, екінші апта қатарынан көш бастап тұрған компания — Intel (INTC). Оның акцияларының бағасы соңғы жеті күнде 16,87 пайызға өскен. Мұндай серпінге 18 қыркүйекте жарияланған жаңалық себеп болды. Сол күні әлемдегі ең ірі технология компанияларының бірі Nvidia (NVDA) Intel капиталына кіретіні хабарланған еді. Келісім құны 5 миллиард доллар шамасында. Бұған қоса, АҚШ үкіметі мен Softbank корпорациясы да Intel-ге 11 миллиард доллар көлемінде қолдау көрсетуге келіскен.
Сарапшылар мұны инвесторлар сенімін арттырған маңызды қадам деп бағалайды. Олардың айтуынша, Intel мұнымен шектеліп қалмай, Apple және жартылай өткізгіш өндіретін әлемдік алпауыт Taiwan Semiconductor Manufacturing компаниясымен де келіссөздер жүргізіп жатыр. Егер бұл ынтымақтастық жүзеге асса, компанияның даму әлеуеті едәуір кеңеюі мүмкін.
Соңғы апталарда Electronic Arts (EA) компаниясы да айтарлықтай өсім көрсетіп отыр. Әлемге танымал бейнеойын өндіруші өз акцияларын нарықтан толық сатып алып, жеке компания ретінде жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Бұл хабар жарияланғаннан кейін EA акцияларының бағасы 15 пайызға артты. Сарапшылар алдағы уақытта оның тағы 10 пайызға өсуі мүмкін екенін айтады.
Мамандардың пікірінше, соңғы кездері технология мен ойын индустриясы нарықтағы басты қозғаушы күшке айналып келеді. Инвесторлар чип өндірісі мен цифрлық ойын саласына ерекше қызығушылық танытуда.
S&P 500 индексіндегі бұл өзгерістер осы бағыттардың экономикалық ықпалының артып келе жатқанын көрсетеді.












