Home Робот пен дрондар,ЖИ Қазақстанда жол қауіпсіздігін арттыруға жасанды интеллект пен дрондар атсалысады

Қазақстанда жол қауіпсіздігін арттыруға жасанды интеллект пен дрондар атсалысады

25

Қазақстанда ақылды технологиялар жол қауіпсіздігінің негізгі серігіне айналып отыр. Үкіметтің қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне арналған отырысында ІІМ мамандары цифрлық жүйелердің жол қозғалысын бақылаудағы және жол-көлік оқиғаларын алдын алудағы рөлін айтты.

Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы 11 миллионнан астам жол ережесін бұзу фактісі тіркеліп, 19 мыңнан астам жүргізуші мас күйінде көлік басқарғаны үшін жауапқа тартылған. Мұнда интеллектуалды жүйелер мен автоматтандырылған кешендердің маңызы ерекше. Жол қозғалысын тіркейтін камералар, мобильді бекеттер және «Қорғау» жүйесі арқылы тек бір жыл ішінде шамамен 49 мың әкімшілік құқық бұзушылық нақты уақыт режимінде анықталған.

Сонымен қатар апатты аймақтарды бақылау үшін дрондар қолданылады. Олардың көмегімен 4 мыңнан астам ереже бұзушылық тіркелді. Орташа жылдамдықты бақылау жүйесін сегіз автомагистральға енгізу жол-көлік оқиғаларының санын айтарлықтай төмендеткен.

Ішкі істер министрі Ержан Саденов цифрлық технологияларды одан әрі дамыту қажеттігін атап өтті. Оның сөзінше, бұл жүйелер жүргізушілердің тәртібін жақсартып қана қоймай, адамдардың өмірін сақтауға да септігін тигізеді.

Дегенмен, жолдардағы жағдай әлі де күрделі. Негізгі себептер — жылдамдықты асыру, жүргізушінің шаршауы және көліктің техникалық ақаулары. ІІМ жол қозғалысы заңнамасын жетілдіру және жүргізушілер мәдениетін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыра беретінін хабарлады.