Жасанды интеллект құқық саласында кеңінен қолданыс таба бастады. АҚШ-та адамдар ChatGPT және басқа да ЖИ құралдарын адвокаттар орнына пайдаланып, сотта жеңіске жетіп келеді деп хабарлайды Digital Business.
Калифорния тұрғыны Линн Уайт NBC News порталына берген сұхбатында ChatGPT мен Perplexity платформаларының оның жалдамалы үйден шығару ісін жеңуге көмектескенін айтты. Бұрын адвокат істі жеңе алмай, қайталап қорғауға қаражаты жоқ әйел үшін бұл қиындық тудырған.
ЖИ көмегімен Уайт сот шешімдерін зерттеп, сот тәжірибесін жинап, аппеляциялық шағымға дәлелдер дайындады. Нәтижесінде сот шешімін жоққа шығарып, әйел үйін сақтап қалды. Сонымен қатар, ол $70 мыңға жуық (шамамен 38 млн теңге) айыппұл мен жалға алу қарызынан босатылды.
«Сол сәтте менің сұрақтарыма аспандағы Құдай жауап беріп тұрғандай болды.», – деп еске алды ол.
Ұқсас жағдай Нью-Йоркте де тіркелді. Қала тұрғыны Ричард Хоффманн бұрынғы жұмыс берушісіне қарсы өз ісін ChatGPT көмегімен өзі қорғап, азаматтық сотта жеңіске жеткен деп хабарлайды silive.com. ЖИ қорғау стратегиясын әзірлеуге, құжаттарды дайындауға және сотта жеңіске жетуге көмектесті.
Зерттеушілер атап өткендей, ChatGPT АҚШ-та адвокаттық емтиханнан өтіп, үздік 10% нәтиже көрсетті. Сондай-ақ, Стэнфорд университетінің деректері бойынша төрт юристтің үшеуі өз тәжірибесінде генеративті ЖИ қолдануды жоспарлап отыр.
Кейбір штаттар өз чат-боттарын жасап жатыр. Мысалы, Аляскада Alaska Virtual Assistant жобасы іске асырылып, азаматтарға мұрагерлік істерде өздерін сотта қорғауға көмектеседі.
Дегенмен, ЖИ әлі қателесуі мүмкін. Мысалы, Калифорния соты ChatGPT жасаған жалған дәйексөздерді қолданған адвокатқа $10 мың айыппұл салды. Thomson Reuters Institute мәліметі бойынша 2025 жылдың жазында жасанды интеллект 22 сот ісінде қателіктер жіберген. Жасанды интеллект сотта тиімді көмекші құрал екенін дәлелдегенімен, оған толық сенім арту әлі қауіпті.












