Қазақстандa цифрлық орта ыңғайлы және қауіпсіз болу үшін мемлекеттік органдар мен олардың бағынысты ұйымдарына жеке мобильді қосымшалар әзірлеуге тыйым салынады. Енді барлық қызметтер тек eGov және Aitu платформаларында ұсынылады, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, цифрлық орта ыңғайлы әрі қауіпсіз болуын қамтамасыз ету мақсатында барлық мемлекеттік мобильді сервистер кезең-кезеңімен eGov және Aitu экожүйелерінде SuperApp принципі бойынша біріктіріледі. Нәтижесінде, мемлекеттік қызметтерді көрсету процесі жеделдетіліп, сапасы арттырылмақ.
Осы және басқа да шешімдер Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен цифрлық штаб отырысында қабылданды.
“Цифрлық штабтың шешімі бойынша мемлекеттік органдарға Astana Hub IT-стартаптар технопаркының басым бағыттарына мультимедиа, дизайн және ойын шығару, бағдарламалық қамтамасыз етуді енгізу, қолдау және модификациялау, киберспорт саласындағы қызметтерді қосу тапсырылды. Сонымен қатар, тізімге Қазақстанға резидент емес тұлғаларға бизнес-процестерді аутсорсинг арқылы қызмет көрсету және ағылшын тілін оқыту қызметтері енгізілді. Бұл кеңейту Astana Hub-ты ғаламдық технологиялық қауымдастық үшін тартымды орталыққа айналдырады”, – делінген үкіметтің хабарламасында.












