Елімізде инклюзивті білім беру саласында цифрлық технологияларды енгізу қарқынды жүріп жатыр. Жасанды интеллект пен заманауи шешімдер оқу процесінің бір бөлігіне айналып, ерекше білім қажет ететін балаларға ыңғайлы ортада білім алуға көмектесіп, мұғалімдерге жаңа әдіс-тәсілдерді қолдануға мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі оқу процесін қолдау мен диагностика жүргізуде жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану бағытындағы бастамаларды жүзеге асыруда. Негізгі бағыттардың бірі – Дүниежүзілік банктің «Орта білімді модернизациялау» жобасы аясында мамандар дайындау. Мұғалімдер мен педагогтар ABA (қолданбалы мінез-құлық талдауы) және ADOS-2 арқылы ерте диагностика курстарынан өтті. Оқыту нәтижесінде 67 маман халықаралық Registered Behavior Technician (RBT) сертификатын иеленді, бұл оларға аутизм спектріндегі бұзылысы бар балалармен жұмыс істегенде цифрлық құралдарды қолдануға мүмкіндік береді.
Бағдарламаның авторы және жетекшісі – халықаралық мінез-құлық аналитигі, Канададағы «Azbuka ABA» мектебінің негізін қалаушы Зухра Измайлова-Камар. Оның ұсынысы бойынша Қазақстанда Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде қолданбалы мінез-құлық талдауы кафедрасын ашу жоспарланып отыр. Мұнда инклюзивті білім беру саласындағы цифрлық шешімдер зертханасы құрылмақ.
Абай атындағы ҚазҰПУ жасанды интеллект көмегімен деректерді талдау құралдарын әзірлеу, оқу бағдарламаларын бейімдеу және педагогикалық тәсілдердің тиімділігін арттыру бойынша орталыққа айналуда.
Жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу білім беру жүйесіне жаңа мүмкіндіктер ашып, барлық балалар үшін тең жағдай жасауға және инклюзивті ортада оқу сапасын арттыруға жол ашады.












