Home Робот пен дрондар,ЖИ Қазақстан мектептері мен колледждерінде жасанды интеллектіні қолданудың ұлттық стандарты енгізіледі

Қазақстан мектептері мен колледждерінде жасанды интеллектіні қолданудың ұлттық стандарты енгізіледі

38

Қазақстанда алғаш рет білім беру саласында жасанды интеллектіні пайдалану бойынша бірыңғай ережелер бекітілді. Құжатқа Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев қол қойды.

2025–2029 жылдарға арналған құжатта этика талаптары, дербес деректерді қорғау және академиялық адалдық қағидалары нақты көрсетілген. Жоспарға сәйкес, оқу бағдарламаларына жасанды интеллектіге қатысты жаңа модульдер енгізіледі, цифрлық оқулықтар дайындалады, мұғалімдер үш сатылы жаңа үлгі бойынша қайта даярлаудан өтеді.

«Жасанды интеллект мұғалімнің еңбегін күшейте түседі, бірақ ешқашан оны алмастырмайды. Барлық негізгі шешімдерді адам қабылдайды», – деді министр Ғани Бейсембаев.

Ал Жаслан Мадиевтің айтуынша, бұл бастама Қазақстанның цифрлық трансформациясының бір бөлігіне айналады. Жаңа стратегия оқушылар мен студенттерге технологияны тек пайдалануды ғана емес, оны өздері жасап шығаруды да үйретпек. Мұнда академиялық адалдық пен ұлттық құндылықтарды сақтау басты назарда болады.

2025–2026 оқу жылынан бастап жасанды интеллект элементтері «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндерінде оқытылады. Мектеп оқушылары үшін арнайы Day of AI атты онлайн-курс дайындалса, мұғалімдерге арналған біліктілікті арттыру бағдарламалары іске қосылады.

Осылайша, Қазақстан білім беру жүйесінде жасанды интеллектіні енгізудің ұлттық үлгісін әзірлеген алғашқы мемлекеттердің біріне айналды. Жоба ЮНЕСКО, ОЭСР және Еуропалық Одақ ұсынымдарына сүйене отырып жасалған.