Жасанды интеллект саласындағы жетекші компания OpenAI Голливуд продюсерлерімен бірлесіп, жасанды интеллект көмегімен толықметражды мультфильм түсіріп жатқанын хабарлады. Жоба анимация өндірісін арзандатып қана қоймай, оны әлдеқайда жедел әрі қолжетімді етуге бағытталған.
Мультфильмнің идея авторы – OpenAI қызметкері Чад Нельсон. Ол бұған дейін орман жануарлары жайлы шағын анимациялық жоба – «Critterz»-ді ұсынған еді. Енді сол кейіпкерлер үлкен экранға шығады.
Сценарийді әлемге танымал авторлар Джеймс Ламонт пен Джон Фостер жазып жатыр. Бұл дуэт «Паддингтонның Перудегі оқиғалары» жобасымен белгілі.
Қазір фильмге небәрі 30 маман қатысуда. Дәстүрлі анимациялық жобаларға жүздеген адам жұмылдырылатынын ескерсек, бұл – өндірістік үдерістің түбегейлі өзгеруі мүмкін екенін көрсетеді.
Сарапшылар OpenAI бастамасын Стив Джобстың Pixar-ға инвестиция құйып, анимация саласына жаңа серпін берген кезеңімен салыстырады. Компания өкілдерінің айтуынша, жоба – эксперимент. Ол жасанды интеллектінің киноиндустрияны қалай өзгертетінін көрсетуге арналған.