Home Стартаптар Lectric Boil компаниясы саяхатшыларға арналған аккумуляторлы плитаны таныстырды

Lectric Boil компаниясы саяхатшыларға арналған аккумуляторлы плитаны таныстырды

20

Детройттағы Lectric Boil стартапы Overlander атты саяхатқа ыңғайлы жаңа плитасын алдын ала тапсырысқа шығарды. Жабдық индукциялық жылытуды пайдаланады, сондықтан ашық жалынмен жұмыс істейтін кәдімгі плиталарға қарағанда қауіпсіздігі әлдеқайда жоғары. Басты артықшылығы – автономды жұмыс, себебі плита қайта зарядталатын аккумулятор арқылы энергия алады.

Компания инженерлері бұл құрылғыны «революциялық» деп сипаттайды. Дегенмен, басты жаңалық – технологияда емес, оның қолдану тәсілінде. Бұған дейін аккумуляторлы плиталар ауыр әрі көлемді болғандықтан, мобильділік талаптарына сай келмейтін. Lectric Boil инженерлері бұл кемшілікті айналып өтіп, тек бір рет пайдалану үшін ыңғайлы құрылғы жасап шықты. Мысалы, отбасы демалыс күндері саяхатқа шыққанда, бір рет ыстық тағам әзірлеуге арналған.

Тағы бір артықшылығы – экологиялық аймақтар мен қорықтарда от жағуға қатаң тыйым салынған жағдайда Overlander плитасы таптырмас құралға айналады. Ол кез келген энергия көзінен, соның ішінде күн панельдерінен де зарядталады. Плита 5 кг, аккумуляторы 11 кг, ал бүктелген кезде өлшемдері 430 x 500 x 120 мм. Желден қорғау экрандары да қарастырылған.

Overlander плитасының бетінде 250 мм және 150 мм диаметрлі екі конфорка бар. Кішісі – 1,2 кВт, үлкені – 1,8 кВт қуатқа ие. Қуатты жоғары деңгейде қолданғанда аккумулятор жарты сағатқа жетеді, ал баяу пісіру немесе тағамды жылыту режимінде ол 3 сағатқа дейін жұмыс істейді. Аккумулятордың қызмет мерзімі 10 жылға есептелген, USB-C арқылы одан басқа құрылғыларды да қуаттауға болады.