Home Робот пен дрондар,ЖИ Алматы облысында жасанды интеллект жүйесін сынау басталды

Алматы облысында жасанды интеллект жүйесін сынау басталды

31

Алматы облысының Alatau Hub технопаркінде жаңа цифрлық жоба — Qonaev AI жүйесін сынау жұмыстары басталды. Жобаны облыстық цифрлық технологиялар басқармасы мен хаб резиденттері бірлесіп жүзеге асыруда, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Бірінші кезеңде жүйе облыстық цифрлық технологиялар басқармасының деректерімен жұмыс істейді. Кейінгі кезеңде оған басқа мемлекеттік органдардың, соның ішінде аудандық және қалалық әкімдіктердің деректер базасы қосылады.

Ақпарат Alatau Hub-тың аймақтық инфрақұрылымында өңделеді. Мұндай тәсіл сенімділікті арттырып, жоғары деңгейдегі қорғауды қамтамасыз етеді, сонымен қатар процестерді икемді басқаруға мүмкіндік береді. Болашақта әзірлеушілер серверлік қуатты ұлғайтып, қосымша дерек көздерін қосуды жоспарлап отыр.

Сарапшылардың пікірінше, жасанды интеллект жобалық есептеулерді автоматтандыруға, ресурстарды тиімді бөлуге және бақылауды күшейтуге септігін тигізеді. Біртұтас сандық база өңірді дамыту мен инновациялық шешімдерді енгізу үшін маңызды құралға айналмақ.