Home Технологиялар Инновациялар Қазақстанда қоқысты энергияға айналдыратын алғашқы кәсіпорын іске қосылмақ

Қазақстанда қоқысты энергияға айналдыратын алғашқы кәсіпорын іске қосылмақ

30

Алматыда Қазақстандағы ең алғашқы қалдықтарды энергияға айналдыратын зауыттың құрылысы басталмақ. Жоба бойынша келісімге қол қою рәсімі қала әкімдігінде өтті. Құжатқа ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен Қытайдың Junxin Environmental Protection (Almaty) компаниясының өкілі қол қойды.

Жаңа зауыт тәулігіне 1600–2000 тонна қалдықты өңдеп, 60 мегаваттқа дейін электр энергиясын өндіре алады. Жобаның жалпы құны – 280 миллион АҚШ доллары. Кәсіпорын толықтай автоматтандырылған жүйемен жабдықталып, көпсатылы тазарту технологиясын қолданбақ. Бұл қондырғы шығарындыларды барынша азайтып, Еуропалық одақтың экологиялық қауіпсіздік талаптарына сай жұмыс істейді.

Зауыт тек тұрмыстық қалдықтарды ғана емес, медициналық, қалалық және сарқынды сулардан шыққан тұнбаларды да өңдейді. Сонымен қатар, оның базасында электр және жылу энергиясын өндіру, жасыл технологияларды дамыту, кадр даярлау және халықтың экологиялық сауаттылығын арттыру бағыттары қолға алынбақ.

Құрылыс кезінде шамамен 700 уақытша жұмыс орны ашылады. Ал нысан іске қосылған соң, 120-дан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

Жобаны жүзеге асырып отырған Hunan Junxin Environmental Protection компаниясы 2011 жылдан бері жұмыс істейді. Ол қатты қалдықтарды өңдеу, электр энергиясын өндіру және қалдықтарды қайта пайдалану саласында экологиялық қауіпсіз шешімдерді ұсынып келеді.