Home Техника Қазақстанда электросамокаттарды пайдалану қатаң қадағаланбақ

Қазақстанда электросамокаттарды пайдалану қатаң қадағаланбақ

36

Қазақстанның Ішкі істер министрлігінде елдегі ірі кикшерингілік компаниялар, яғни Jet, Yandex, Woosh, Bolt және Бірыңғай микромобильділік операторының өкілдерімен кеңес өтті. Жиын Комитет төрағасы Қайсар Сұлтанбаевтың тапсырмасымен ұйымдастырылып, электросамокаттарды реттеу мәселелеріне арналды.

Ведомствоның хабарлауынша, қызмет көрсетуші компанияларға бірқатар талап қойылды. Енді олар тәртіп бұзушылық пен ретсіз тұрақтың алдын алу үшін полициямен бірлескен мобильді патрульдер құруы тиіс. Сондай-ақ самокаттарға техникалық шектеулер енгізілмек. Егер көлік дұрыс қойылмаса, сапарды аяқтау мүмкін болмайды. Ал жаяу жүргіншілер аймағында, саябақтарда, жағалауда немесе халық көп жиналатын жерлерде самокат автоматты түрде өшіріледі.

ІІМ дерегінше, биылдың өзінде елімізде электросамокатқа қатысты 213 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 224 адам жарақат алған. Оның ішінде жүргізушілердің өз кінәсінен болған 42 апатта 52 адам зардап шекті. Ең көп құқықбұзушылық Алматыда байқалады – оқиғалардың 95 пайызы осы қалаға тиесілі.

«Басты түйткіл – сервис компанияларының әкімдіктермен және полициямен әлсіз байланысында. Шешім ретінде мобильді қосымшаларды жетілдіру, тұрақ аумағынан тыс жерлерде сапарды аяқтауды бұғаттау, қозғалыс пен тұрақты қатаң бақылауға алу, заң бұзғандарға жауапкершілікті күшейту ұсынылды. Оған техника тәркілеу немесе айыппұлды оператор арқылы өндіріп алу да кіреді. Бұдан бөлек, инфрақұрылымды дамыту, яғни веложолдар мен арнайы тұрақ аймақтарын көбейту қажет», – деп мәлімдеді ІІМ баспасөз қызметі.

Қазір Қазақстанда небәрі 594 шақырым веложол бар. Ал қажеттілік 2 мың шақырымнан асады. Соңғы бес жылда бар болғаны 218 шақырым жол салынған. Бұл көрсеткіш баламалы көлік түріне деген сұраныстың артуына сай келмейді.

«Жол қозғалысы туралы заңға енгізілген өзгерістерге екі жыл толса да, айтарлықтай нәтиже көріп отырған жоқпыз. Құқықбұзушылық күн сайын тіркеліп жатыр. Ал кикшерингілік компаниялардың қауіпсіздікке қатысты жұмысы әлі де күткендей деңгейде емес», – деді Қайсар Сұлтанбаев.

Компаниялар бірқатар шараны жақын арада жүзеге асыруға уәде берді. Ал жүйелі өзгерістер мемлекет пен жергілікті билікпен бірлескен жұмысты талап етеді. Негізгі мақсат – жолдағы қауіпсіздікті арттырып, қала тұрғындары үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру.