Home Технологиялар Қытай күн панельдері өндірісінде шектен шықты

Қытай күн панельдері өндірісінде шектен шықты

22

Қытай күн электр станцияларын салуда рекорд орнатып, бұл салада әлемдік көшбасшылықты әлдеқашан иеленген. Алайда бұл артықшылық елді күн панельдерінің шамадан тыс өндірісі мен қатаң бәсекелестіктен құтқара алмады. Reuters агенттігінің хабарлауынша, ең ірі өндірушілердің өздері қызметкерлерінің үштен бірін қысқартуға мәжбүр болған.

Агенттіктің жазуынша, Қытайдың күн энергетикасымен айналысатын алпауыт компаниялары өткен жылы жұмысшылардың шамамен үштен бірін қысқартты. Экономикалық өсімге қозғаушы күш ретінде таңдалған салалардың бірі қазір бағаның төмендеуі мен ірі шығындарға тап болды.

Жұмыс орындарының қысқаруы – қытай өнеркәсібіндегі, соның ішінде күн энергиясы мен электромобиль өндірісіндегі, қатал баға бәсекесінің салдарын айқын көрсетеді. Өндірістік қуаттың шамадан тыс артып, сұраныстың әлсіз болуы жағдайды одан әрі ушықтырып отыр.

Reuters мәліметінше, әлем жыл сайын қолданылғаннан екі есе көп күн панелін шығарады, оның негізгі бөлігі Қытайда өндіріледі. Қытайдың фотоэлектрлік өнеркәсіп қауымдастығының деректеріне сәйкес, 2024 жылдан бері күн энергетикасында жұмыс істейтін 40-тан астам компания биржадан шығып кеткен, банкротқа ұшыраған немесе сатылып кеткен.

«2020 жылдан 2023 жылға дейін қытайлық компаниялар жаңа зауыттарды қарқынды түрде салды. Бұған мемлекет жылжымайтын мүлік секторынан ресурстарды „жаңа үштікке“ , яғни күн батареялары, электромобильдер және аккумулятор өндірісіне бұрғаны себеп болды. Өндірістегі осы жаппай өрлеу бағаның құлдырауына, одан қалса қатаң баға бәсекесіне әкелді. Бұған қоса, АҚШ Қытайдың Оңтүстік-Шығыс Азиядағы зауыттарынан жеткізілетін өнімге тариф енгізіп, жағдайды одан әрі ауырлатты. Соның салдарынан өткен жылы бұл сала 60 миллиард доллар шығынға ұшырады», – деп жазады агенттік.

Мәселенің ушығуына байланысты Қытай билігі салаға тікелей араласа бастады. ҚХР төрағасы Си Цзиньпин «ретсіз баға бәсекесіне» шектеу қоюды талап етті.

«Үш күннен кейін-ақ өнеркәсіп министрлігі күн энергетикасы компанияларының басшыларымен кездесіп, баға соғысын тоқтатуға және ескірген өндіріс қуаттарын пайдаланудан шығаруға уәде берді», – деп жалғастырды Reuters.

Агенттіктің мәліметінше, билік өндірушілерге қуатын ұлғайтуды доғарып, жүктемесі 30 пайыздан төмен желілерді жабуды тапсырған.

Jefferies сарапшысы Алан Лаудың айтуынша, Қытайда өндірістік артық қуаттың болуы қалыпты құбылыс, оны болат не цемент саласынан да көруге болады. Дегенмен бір саланың тұтасымен ander жыл бойы шығынға кетуі – сирек кездесетін жайт.

EADaily мәліметінше, Еуропа әлі де жасыл энергияға көшу жолын қарастырып отыр. Ал Қытай болса, күн электр станцияларының қуатын 1 ТВт-тан асырып, Еуропаның көрсеткішін үш есе еңсерді.