Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі инватакси қызметін «Әлеуметтік қызметтер порталы» арқылы ұсынуды көздейтін бірқатар заңға тәуелді актілерге өзгерістер әзірледі. Тиісті бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Қазіргі уақытта инватакси қызметін жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында, жергілікті бюджет есебінен көрсетеді.
Жаңа форматты енгізу мүмкіндігі мүгедектігі бар азаматтарға өзіне қолайлы жеткізушіні таңдап, жеке қажеттіліктеріне сай көлік шақыруға жол ашады. Бұл тәсіл қызмет көрсетушілер санын көбейтіп, есеп пен қызмет ұсыну процесінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, көлікті күту уақытын қысқартып, көрсетілетін қызмет мерзімін жеделдетпек. Қызмет ақысы бұрынғыдай жергілікті бюджеттен төленеді.
Инватакси қызметін портал арқылы көрсету 2025 жылдың күзіне жоспарланған. Бұйрық жобасы 6 тамызға дейін «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға ұсынылған.