Home Электроника Ұялы телефон Алғашқы iPhone Fold 2026 жылы сатылымға шығады

Алғашқы iPhone Fold 2026 жылы сатылымға шығады

14

Apple-дің көптен бері қауесетке айналған бүктелетін смартфоны жайлы жаңа деректер жария болды. Инсайдерлердің айтуынша, әзірге iPhone Fold деп аталатын бұл құрылғы 7,8 дюймдік негізгі және 5,5 дюймдік сыртқы экранмен жабдықталмақ. Смартфонның жүрегі – TSMC компаниясының 2 нанометрлік технологиясымен шығарылған ең жаңа A20 Pro чипі. Жүйеде 12 гигабайт жедел жады және бірнеше көлемде ұсынылатын ішкі жады болады деп күтіледі.

Камера мүмкіндігі де назар аудартады. Негізгі 48 мегапиксельдік сенсор және дәл сондай ажыратымдылықтағы ультракең бұрышты камера орнатылмақ. Бұдан бөлек, құрылғыда Apple-дің өз қолтаңбасымен жасалған алғашқы Apple C2 модемі қолданылып, 5G желісін қолдауы ықтимал. Қалыңдығы бүктелгенде – 9,5 мм, ашылғанда – 4,8 мм шамасында болады.

Компоненттерді жеткізуді Samsung Display (OLED экрандары), Lens Technology, Amphenol және Foxconn сынды ірі серіктестер атқарады.

Бастапқыда жаңа iPhone бағасы 2000-2400 доллар аралығында болады деген болжам жасалған. Алайда өндірісті оңтайландыру нәтижесінде құны 1800-2000 доллар көлемінде белгіленбек. Құрылғының өзіндік бағасы шамамен 759 долларды құрайды.

Сарапшылардың пікірінше, бүктелетін iPhone премиум смартфондар нарығында жаңа дәуірдің басталуына түрткі болуы мүмкін. Бұл Samsung пен өзге де алпауыттарға мықты бәсекелестік туғызып, бүктелетін құрылғылар сегментінің қарқын алуына жол ашады.