inbusiness.kz дерегінше, 2025 жылдың көктемінен бастап қазақстандық банктерге Smart Bridge цифрлық платформасына қосылу үшін «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-мен келісімшарт жасау туралы хабарлама келе бастаған. Енді мемлекеттік қызметтерге тек ақылы негізде қол жеткізу мүмкін болады.
Бұған дейін банктер аталған платформа арқылы тегін қосылып, клиенттердің жеке басын растау немесе жәрдемақы рәсімдеу сынды мемлекеттік қызметтерді қолдана алатын. Енді мұндай мүмкіндікті пайдалану үшін ақы төлеу талап етіледі. Бұл өзгерістерге Цифрлық даму министрлігіне қарасты «ҰАТ» АҚ жауапты.
Ведомствоның мәліметінше, төлем талаптары тиісті нормативтік-құқықтық актілерге енгізілген өзгерістерге сай қабылданған. Әзірге нақты тарифтер жарияланбаған, бірақ төлем мөлшері қолдану көлеміне байланысты белгіленбек.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы бұл бастамаға алаңдаушылық білдіріп отыр. Олардың айтуынша, мемлекеттік қызметтерді коммерцияландыру цифрландыру қарқынын баяулатып, әсіресе шағын банктерге салмақ түсіреді. Егер банк келісімге қол қоймаса, қолданушылар банк қосымшалары арқылы мемлекеттік қызметтерді пайдалану мүмкіндігінен айырылуы мүмкін.
Цифрлық даму министрлігі бұл мәселе бойынша банктермен келіссөздер жүріп жатқанын хабарлады. Мамыр мен шілде айларында қаржы секторы өкілдерімен кездесулер өткен. Алайда әзірге нақты шешім қабылданған жоқ. Банктер бұрынғыдай тегін қолжетімділікті сақтап қалуды талап етіп, өздерінің цифрлық экожүйедегі маңызды рөлін алға тартуда.