Ресейлік NtechLab компаниясы адамның түр-тұлғасын бет әлпетінің шағын ғана бөлігі арқылы анықтай алатын FindFace Multi атты жасанды интеллект жүйесін әзірледі. Бұл технология жүзді танумен шектелмейді — адамның сыртқы кейпін, киім үлгісін, жүріс-тұрысы мен мінез-құлқындағы ерекшеліктерін де сараптап, талдай алады.
Компания басшысы Алексей Паламарчуктың айтуынша, жүйе адамның беті толық көрінбей, маскамен, көзілдірікпен, бас киіммен немесе жалған сақалмен жасырылған жағдайда да кім екенін дәл анықтай алады. Мұндай мүмкіндікті алгоритмнің математикалық модельге негізделуі қамтамасыз етеді: адамның бет-жүзі арнайы векторлы формуламен сипатталып, жүздеген мың фотосуретпен салыстырылады.
FindFace Multi жүйесі Ресейдің бірнеше өңірінде сынақтан өтіп жатыр. Ол жоғалған адамдарды іздеуге, қылмыстық оқиғаларды болжауға және қауіпті әрекеттерді алдын ала анықтауға сеп болуда. Мәселен, Новосібір облысында бұл технология жоғалып кеткен балаларды табуға жұмылдырылып, алғашқы апталарда-ақ 11 отбасы баласына қайта қауышқан.
Жүйе күдік тудыратын ересектердің әрекетін бақылап, мектеп айналасындағы қауіп-қатердің алдын алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, қылмыстық оқиғаға қатысы бар тұлғаның қозғалысын анықтап, төтенше жағдай бола қалса, жедел түрде дабыл қағады.
NtechLab ұсынған NtechCity атты тағы бір шешім — қалалық орта мен коммуналдық қызметтердің жұмысын цифрлы бақылауға арналған. Мәселен, Нижегород облысында бұл жүйе қоқыс контейнерлерінің толуын, аулалардың тазалығын, жарық шамдарының жұмысын, жолдардың жағдайын бақылап, тиісті органдарға автоматты түрде есеп береді.
Қоғамдық көліктерге орнатылған камералар көшедегі ақауларды, ғимараттардың сырты мен рұқсатсыз жазуларды автоматты түрде тіркеп отырады. Алдағы уақытта бұл жүйе жолдағы төтенше жағдайлар мен қоғамдық тәртіпбұзушылықтарды анықтап, бірден полиция мен жедел жәрдем қызметіне хабар бере алатын мүмкіндіктерге ие болмақ.
Компанияның медициналық платформасы компьютерлік томография суреттерін талдап, инсульт, Альцгеймер, деменция және склероз сынды ми ауруларын ерте кезеңде анықтай алады. Қазірдің өзінде бұл технология Ресейдің 12 өңірінде қолданылып, Денсаулық сақтау министрлігінен тиісті тіркеу куәлігін алған.
NtechLab – Мәскеудегі “Сколково” инновациялық орталығының резиденті. Компания көлік, бизнес, ауыл шаруашылығы және қауіпсіздік салаларына арналған автономды шешімдерді де ұсынады. Жол полициясына арналған бейнебақылау жүйелері бірнеше күн бойы көліктердің қозғалысын бақылап, заңбұзушылықтарды анықтай алады. Әуежайлар үшін – интеллектуалды қауіпсіздік кешендері, кәсіпорындар үшін – қызметкерлердің жұмысын қадағалап, клиенттерге қызмет көрсету сапасын арттыратын технологиялар әзірленіп жатыр.
Компания қазіргі таңда толықтай Ресей заңнамасына бағына отырып жұмыс істейді. Сонымен қатар ТМД, Азия, Таяу Шығыс, Латын Америкасы және Африка елдеріне де кеңінен еніп келеді. Бас директордың болжамынша, биылдың өзінде халықаралық нарықтағы сатылым компания кірісінің 30 пайызын құрауы мүмкін.