Home Технологиялар Киберқауіпсіздік Алаяқтардың арбауына түскендердің саны алаңдатады

Алаяқтардың арбауына түскендердің саны алаңдатады

14

Қазақстанда интернет алаяқтық деректері жылдан жылға көбейіп келеді. 2025 жылдың алғашқы жартысында онлайн қылмыстардан келген шығын 25 миллиард теңгеден асқан. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің Киберқылмысқа қарсы күрес департаментінің басшысы Жандос Сүйінбай Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Жыл басынан бері интернет арқылы жасалған 11 000-нан астам алаяқтық фактісі тіркелген. Олардың арасында ең жиі кездесетіні – онлайн тауарға алдын ала төлем жасап, соңында сан соғып қалатын жағдайлар. Мұндай дерек – 3667.

Байланыс операторларымен бірлесіп атқарылған жұмыстар нәтижесінде алаяқтар қолданған 66,9 миллион жалған қоңырау бұғатталған. Тергеу барысында 870 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, арнайы операциялар кезінде 74 SIM-box құрылғысы мен 88 мыңнан астам тіркелмеген SIM-карта тәркіленген. Бұл іске қатысты 30 күдікті ұсталды, оның ішінде 14-і — шетел азаматтары.

Киберқылмыстардың жолын кесу мақсатында құрылған «Антифрод орталығы» банк секторының көмегімен азаматтардың 2,6 миллиард теңгесін сақтап қалған. Бұл -уақтылы әрекет пен техникалық құралдардың нәтижесі. Сонымен бірге заңсыз контент таратқан 59 мың интернет-ресурс анықталып, бұғаттауға жіберілген.

Алаяқтықпен айналысқан бес бірдей жалған call-орталық Астана мен Алматыда анықталып, олардың жұмысы тоқтатылды.

Жандос Сүйінбайдың айтуынша, ІІМ шетелдік әріптестерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, бірлескен арнайы операциялар жүргізуде. Мәселен, 2025 жылдың қаңтарында Арменияда өткен бірлескен іс-шара барысында Еуропа мен ТМД елдерінің азаматтарын алдаған екі call-орталықтың жолы кесілді.

Министрлік киберқылмыстың алдын алу үшін республикалық деңгейде түсіндіру және профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Құзырлы орган азаматтарды онлайн алаяқтардан сақ болуға шақырады.