Қазақстанда 6 мыңнан астам азамат өз атына тіркелген банк шоттары мен төлем құралдарын алаяқтарға беріп, заңсыз әрекеттерге араласқаны анықталды. Бұл туралы Бас прокуратура ресми мәлімдеме жасады.
Ведомство мәліметінше, дроппер атанған азаматтар жеке деректерін үшінші тұлғаларға ақылы түрде ұсынып, қылмыстық жүйеге көмектескен. Қолданыстағы заң бойынша мұндай әрекет қылмыс ретінде саналады. Атап айтқанда, төлем деректерін заңсыз беру – жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкелуі мүмкін.
Қазіргі уақытта Парламент қарауында дропперлерге қатысты жауапкершілікті күшейтуді көздейтін заң жобасы жатыр. Онда мұндай әрекеттерге барған азаматтарға бірқатар шектеулер енгізу қарастырылған. Атап айтқанда, барлық банк шоттары бұғатталады, күдікті тұлғалар тізіміне енгізіледі, әрі қаржылық қызметтерге қол жеткізуіне тыйым салынуы мүмкін. Сонымен қатар, сот арқылы нақты жаза тағайындалады.
Бұған қоса, заң жобасы шетел азаматтарына да қолданылады. Яғни, өзге елден банк шотын ұсынып, заңсыз әрекеттерге араласқан тұлғалар да жауапқа тартылуы ықтимал.
Бас прокуратураның айтуынша, егер адам қылмыстық схемаға қатысқанын мойындап, тергеуге көмектессе, ол қылмыстық жауапкершіліктен босатылуы мүмкін. Мұндай мүмкіндік ҚР Қылмыстық кодексінің 232-бабының ескерту бөлігінде көрсетілген.