Tesla компаниясы толық автономды көлік жүргізу жүйесінің жаңа кезеңін бастады. Бұл тәжірибе АҚШ-тың Техас штатындағы Остин қаласында өтті. Компания бұл оқиғаны дәстүрлі логистикадан бас тартуға бағытталған болашақ сатылым үлгісінің алғашқы қадамы деп бағалап отыр.
Жаңа Model Y көлігі компания зауытынан шығып, Остин қаласының күрделі жолайрықтарынан өтіп, жоғары жылдамдықпен қозғалатын магистраль арқылы жүріп, иесінің үйіне ешкімнің көмегінсіз жетті. Ең таңғаларлығы – көлік ішінде жүргізуші де, сырттай бақылаушы да болмаған. Бұған дейінгі сынақтарда қауіпсіздік үшін алдыңғы орындықта арнайы оператор отыратын. Ал бұл жолы көлік өз бағытын толықтай өзі бақылап, жолдағы барлық жағдайға автоматты түрде жауап бере алды.
Илон Маск X желісінде көліктің жоспарланған күнінен бір күн ерте жеткізілгенін хабарлады. Ол мұны технологияның сенімділігін айғақтайтын нақты жағдай деп бағалап, күмәнданғандарға жауап екенін айтты.
Tesla-ның Full Self-Driving (FSD) жүйесі әзірге ресми құжаттарда жүргізушіге жәрдем беретін көмекші құрал ретінде ғана қаралады. Сол себепті көліктің иесіне толық өздігінен жетуі – тек техникалық қадам емес, компанияның өз технологиясына сенетінін көрсететін белгі.
Бұл эксперимент бір жағынан компания технологиясының әлеуетін танытса, екінші жағынан қоғамдық пікірді өзгертуге бағытталған маркетингтік қадам ретінде саналады. Себебі Ostin қаласында шектеулі роботакси қызметі іске қосылған соң, көптеген пайдаланушылар мен сарапшылар автономды жүргізу жүйесінің жұмысына қатысты сын айтқан болатын. Олар бағдарлаудың дәл еместігін, көліктің бірден тоқтай салуын, жолда сенімсіз қозғалуын атап өтті. Осы сын-пікірлерден кейін Маск барынша батыл қадам жасап, жаңа бейнені ұсынды. Енді Tesla – зауыттан бірден үйге дейін өздігінен жететін көлік.
Дегенмен бұл тәжірибені әзірге тек Остинде қолдануға мүмкіндік бар. Себебі өзге өңірлерде жол қозғалысы ережелері мен инфрақұрылым талаптары әртүрлі, ал толықтай автономды көліктерді жалпы жолға шығару үшін заңдық кедергілер де бар. Дегенмен мұндай тәжірибелер арқылы Tesla автономды көліктің болашағын жақындатып, технологияның өміршеңдігін дәлелдеуге біртіндеп жақындап келеді.