Home Ақша Қазақстанда киберсақтандыру енгізіле ме?

Қазақстанда киберсақтандыру енгізіле ме?

33

Қазақстанда жеке деректердің қауіпсіздігін күшейту мақсатында міндетті киберсақтандыру жүйесі енгізілуі мүмкін. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) өз ұстанымын білдірді, деп хабарлайды LS.

Былтыр Цифрлық даму министрлігі жеке деректердің таралу мәселесін шешу үшін жаңа сақтандыру түрін ұсынған еді. Жоба жол-көлік сақтандыруына ұқсас үлгімен жүзеге аспақ болған.

Алайда ҚНРДА бүгінде әлем елдерінде міндетті сақтандырудың үлесі азайып, оның орнына шартты түрде міндеттелетін немесе ерікті сақтандыруға көшу үрдісі байқалып отырғанын атап өтті. Агенттік осы форматтың басты артықшыларына тоқталып өтті. Атап айтқанда, бұл жүйе икемді реттеуге мүмкіндік береді. Негізгі талаптар салалық заңнамада белгіленіп, қалған тетіктері қосымша ережелер мен үлгілік келісімшарттар арқылы реттеледі.

«Осыны ескере отырып, жеке деректермен жұмыс істейтін ұйымдардың кәсіби жауапкершілігіне байланысты киберсақтандыруды міндетті емес, шартты түрде міндеттелетін сақтандыру түрі ретінде енгізу ұсынылады. Бұл үшін қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізіліп, салалық мемлекеттік органның бастамасымен үлгілік келісім әзірленуі қажет», – делінген агенттіктің LS-ке берген ресми жауабында.

Сонымен бірге ҚНРДА жаңа сақтандыру түрін енгізу бизнеске қосымша салмақ түсіруі мүмкін екенін, сондай-ақ бұл бастама жүзеге асырылмас бұрын нарықтың дайындығы мен қауіптер бойынша нақты дерекқор қалыптастыру қажет екенін атап өтті.

Бұған дейін LS жүргізген сауалнама нәтижесінде сала мамандарының бір бөлігі киберсақтандырудың тиімділігіне күмән білдіріп, алдымен жеке деректермен жұмыс істейтін компанияларға нақты талаптар қою қажеттігін айтқан. Сонымен қатар олар сақтандырудың баламалы түрін қолдайтынын жеткізіп, бұл тәсіл нарыққа өнімнің нақты бағасын реттеуге мүмкіндік беретінін және бизнес өкілдерін халықтың жеке деректерін қорғауға ынталандыратынын атап өтті.

Меруерт Кеңесова