Home Технологиялар Ғаламтор және желі Starlink ресми тарифтері 2025 жылдың үшінші тоқсанында жарияланады

Starlink ресми тарифтері 2025 жылдың үшінші тоқсанында жарияланады

11

Қазақстанда Starlink спутниктік интернетінің ресми бағасы 2025 жылдың үшінші тоқсанында белгілі болады. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Досжан Мусалиев мәлімдеді, деп жазады digitalbusiness.kz.

«Жеке тұлғалар үшін қолайлы шарттар ұсынылады деп күтілуде», — деді вице-министр.

Баға мен қосылу шарттары

Әзірге нақты тарифтер жарияланған жоқ. Мусалиевтің айтуынша, жеке және заңды тұлғалар үшін баға айырмашылығы болады. Starlink компаниясы Қазақстандағы шығындарын есептеп, содан кейін ғана нақты тарифті бекітеді.

«Біздің басты міндет – компанияның елде заңды түрде жұмыс істеуіне жағдай жасау. Олар толық іске қосылған соң, тарифтерін де жариялайды. Қазірше олардың сайтында ай сайынғы төлем 50 доллардан жоғары деп көрсетілген. Бірақ Қазақстан бойынша нақты сома қандай болатынын дөп басып айта алмаймын», — деді ол.

2024 жылы Қазақстанның 1485 ауыл мектебіне Starlink терминалдары орнатылды. Қазіргі кезде олардың ай сайынғы қызметіне шамамен 140 мың теңге жұмсалуда. Бұл шығынды әзірге Республикалық ғарыштық байланыс орталығы өз мойнына алған. Алдағы уақытта бұл міндет жергілікті әкімдіктерге беріледі.

Сарапшы пікірі

Қазақстандық байланыс операторлары қауымдастығының президенті Олег Емельянов Starlink-тің негізінен шалғайдағы ауыл-аймақтарға қажет екенін атап өтті. Ал ірі қалаларда оған деген сұраныс төмен болуы мүмкін.

Оның айтуынша, қазіргі есеп бойынша:

Құрылғы жиынтығы – $400–500 (шамамен 500 мың теңге);

Ай сайынғы жазылым – $90 (46 мың теңге шамасында).

«Ауылдарда бір отбасының орташа табысы 150–200 мың теңгеге жетпейтінін ескерсек, бұл баға тым жоғары. Ал қалаларда интернеттің оптикалық түрі 3–5 мың теңгеге ғана шығады. Иә, кей жағдайларда Starlink тиімді шешім болуы мүмкін. Бірақ оны жаппай балама ретінде қарастыру қиын», — деді Емельянов digitalbusiness.kz-ке берген сұхбатында.