Home Робот пен дрондар,ЖИ Қытай ғалымдары антибиотиктің орнын басатын микроробот ойлап тапты

Қытай ғалымдары антибиотиктің орнын басатын микроробот ойлап тапты

17

Мұрынның бітелуі – көпшілікті мазалайтын мәселе. Бұл жағдай мұрын қуысының қабынуы мен ісінуінен туындайды және көбіне ЖРВИ, тұмау секілді инфекциялардан, аллергиядан, лас ауадан немесе мұрынның анатомиялық құрылымынан болады. Қабыну асқынып кеткенде, спрей мен антибиотик секілді қарапайым емдку тәсілдері көмектеспеуі мүмкін.

Бұл түйткілді шешудің жаңа жолын Қытайдың Гонконг университеті мен Гуанси, Шэньчжэнь, Цзянсу, Янчжоу және Макао қалаларындағы зерттеу топтары бірігіп ұсынып отыр.

Ғалымдар құрастырған микророботтар тобы мұрын қуысына тікелей енгізіледі. Олар сырттан басқарылатын электромагниттік өріске бағынады. Бұған дейінгі тәсілдерде міндетті түрде антибиотик қолданылса, бұл әдісте ешбір дәрі-дәрмек қажет емес. Микророботтар жарықтың әсерінен арнайы химиялық үдерістерді іске қосып, бактерияларды жоятын – белсенді оттегі бөлшектерін түзеді әрі жылу шығарады. Яғни, микробтарға қарсы әсер ететін құралды сырттан әкелудің қажеті жоқ.

«Бұл әдіс – инвазивті емес, дәрісіз, төзімділік тудырмайтын әрі қауіпсіз емдеу тәсілі», – дейді зерттеушілер. Жаңа технология әзірге шошқалар мен қояндарға жасалған сынақтардан сәтті өткен. Роботтар мұрын қуысын тиімді тазартып шыққан. Адамдарға арналған клиникалық сынақтар алдағы кезеңнің міндетіне айналып отыр.

Микророботтардың басты артықшылығы – инфекция ошағына дәл барып әсер етуінде. Бұл жүйелік препараттармен салыстырғанда әлдеқайда тиімді. Дегенмен, әдістің қауіпсіздігіне көз жеткізу – маңызды міндет. Микророботтар тек өзіне жүктелген функцияны орындап, ағзадан толық шығып кетуі немесе ыдырап жойылуы керек. Сонымен қатар, қоғамда мұндай технологияларға қатысты сенімсіздік пен конспирологиялық үрейлердің де алдын алу қажет.

Канаданың Монреаль қаласындағы Политехникалық мектептің Наноробототехника зертханасын басқаратын профессор Сильвен Мартель бұл жобаға қатыспаса да, мұндай үрейлердің көп жағдайда ұзаққа созылмайтынын атап өтті.

Жаңа технологияны кең көлемде енгізу үшін кемі 5–10 жылдай уақыт керек. Себебі роботтарды басқару жүйесін жетілдіру мен клиникалық сынақтардан өткізу қажет. Соған қарамастан, бұл әдістің болашағы зор. Ғалымдар микророботтарды мұрыннан бөлек, қуық, ішек және басқа да ірің жиналатын мүшелерді емдеуде қолдануға болады деп отыр.

Darth Sahara |