Илон Маск өзінің X әлеуметтік желісі (бұрынғы Twitter) Grok 3.5 деп аталатын жаңа жасанды интеллект моделін пайдаланатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл жүйе адамзат жинаған бүкіл білім қорын қайта қарап, қателерді түзетіп, жетіспейтін деректерді толықтыру арқылы жаңа сапаға көтермек.
«Grok 3.5 (мүмкін, оны Grok 4 деп атауымыз керек шығар) — терең пайымдай алатын жүйе. Біз осы модельдің көмегімен бүкіл білім қорын қайта қарап, жетіспейтін мәліметтерді толықтырып, жалған не қате деректерді тазартамыз. Кейін модельді осы түзетілген базаға сүйеніп қайта оқытамыз. Қазір қолданылып жүрген жүйелердің дерекқоры сұрыпталмаған ақпаратқа толы», — деп жазды Маск.
Бұған дейін X компаниясының атқарушы директоры Линда Яккарино Grok 3.5 моделін Илон Маск құрған xAI компаниясы әзірлегенін айтып, бұл жүйе іске қосылғаннан кейін әлемдегі ең ақылды жасанды интеллектіге айналады деген пікір білдірген болатын.