Ресей автонарығы әлі ұзақ жылдар бойы іштен жанатын қозғалтқыштарға (ІЖҚ) сүйенетін болады. Бұл туралы Петербург халықаралық экономикалық форумында сөз сөйлеген АвтоВАЗ компаниясының вице-президенті Сергей Громак мәлімдеді. Оның сөзінше, еліміз үшін мұнайдың қолжетімділігі – электромобильдермен бәсекеге қабілетті болудың басты артықшылығы.
«Соңғы жылдары автосалада “Алдағы 10–20 жылда қай технология үстемдік құрады?” деген сауал төңірегінде талай пікір айтылды. Бүгінде біз ортақ байламға келдік. Іштен жанатын қозғалтқыштар әлі де басты әрі сенімді технология болып қала береді», — деді Сергей Громак «Отандық автопром: жаһандану ма, әлде егеменді даму ма?» атты форум сессиясында.
Сарапшының айтуынша, Ресейдің энергетикалық әлеуеті – ел үшін ерекше артықшылық. «Бізде мол мұнай қоры бар. Неліктен оны өзіміздің технологиялық бағытымызға айналдырмасқа?» — деді ол.
Сонымен бірге Сергей Громак электромобиль өндірісі сирек кездесетін металлдарға тәуелді екенін алға тартты. Оның айтуынша, литий мен никель сынды маңызды шикізат көбіне Қытай мен Латын Америкасынан жеткізіледі. Бұл тәуелділік – технологиялық дербестікке төнетін тікелей қауіп.
Громак іштен жанатын қозғалтқыштарға қайта оралу – Ресейге ғана тән таңдау емес екенін де атап өтті. Соңғы уақытта жаһандық автоөндірушілердің өзі электромобиль жобаларын қысқартып, дәстүрлі технологияларға бет бұрып жатыр. Мәселен, Porsche, Mercedes, Ford және Volvo компаниялары электр көліктерінің ауқымын шектей бастаған.
«Ресей де бұл үрдістен шет қалмауы тиіс. Қолда бар мұнай қорын техника саласындағы мүмкіндіктермен ұштастырып, өз даму бағытымызды қалыптастыруымыз керек», — деп пайымдады Громак.