Home Технологиялар Киберқауіпсіздік Цифрлы әлемдегі ең ауқымды дерек таралымы: 16 миллиард жазба ашық кеңістікте

Цифрлы әлемдегі ең ауқымды дерек таралымы: 16 миллиард жазба ашық кеңістікте

18

Cyber News басылымы тарихтағы ең ірі деректердің таралуын тіркеді. Зерттеу авторлары оны «Цифрлы әлемдегі ең ауқымды жеке деректердің таралуы» деп атаған. Анықталған мәліметтерге қарағанда, ашық интернетке шамамен 16 миллиард жазба тараған. Олардың қатарында Facebook, Google және Apple платформаларынан алынған ақпараттар да бар.

Cyber News бас редакторының орынбасары Вилиюс Петкаускастың айтуынша, базаға әлеуметтік желілерден бастап VPN қызметтері мен әзірлеушілер порталдарына дейінгі түрлі дереккөздерден жиналған мәліметтер енген. Деректердің көбі кемі ондаған миллионнан, тіпті 3,5 миллиард жазбасы бар көздерден алынған. Барлығы 30-ға жуық ашық база тіркелген.

Зерттеушілердің айтуынша, мұндай көлемді деректің таралуына онлайн-платформалардың әлсіз қорғаныс жүйесі себеп болған. Бірақ деректердің желіде ұзақ сақталмағандықтан, базаны кім жүктегені анықталмады. Киберқауіпсіздік маманы Петкаускас бұл жағдайды жай деректердің таралуы емес, жаппай қолдануға арналған үлгі деп сипаттады. Оның айтуынша, база арқылы алаяқтар аккаунттарға заңсыз кіріп, жеке ақпаратты ұрлап, фишингтік шабуылдар жасауы мүмкін.

Алайда киберқауіпсіздік саласындағы өзге сарапшылар бұл мәліметтер бұрыннан белгілі деректердің жинақталған нұсқасы екенін айтты. Bleeping Computer мен vx-underground секілді ұйымдар мәліметтер бұрыннан белгілі деректердің жиынтығы екенін алға тартады. vx-underground бұл жағдайды «16 миллиард құпиясөзді қайта ұсыну арқылы жұртты үркіту» деп сипаттаған.Сарапшылар киберқылмыстық ортада осындай ескі деректердің қайта сатылуы жиі кездесетінін айтады.

Cyber News мәліметтердің ескі емес екенін, бұл жаңа қауіп екенін айтып, өз позициясында қалды. Бірақ кейін басылым материалға қоғамдық пікірлерді ескеріп, түсіндірме қосқан.

Деректердің өзектілігі туралы пікірталас әлі де жалғасып жатса да, бұл жағдай интернет кеңістігінде тарайтын арнайы зиянды бағдарламалардың қаншалықты қауіпті екенін тағы бір мәрте көрсетті. Мұндай вирустар құрылғыға байқатпай еніп, браузерде сақталған логиндер мен құпиясөздерді ұрлап алады. Содан кейін киберқылмыскерлер осы ақпаратты түрлі шабуылдарға пайдаланады.

Сол себепті мамандар жеке деректердің қауіпсіздігін күшейтуді ұсынады. Құпиясөздерді жиі ауыстырып, бірнеше деңгейлі қорғауды қосып, күдікті сілтемелер мен хабарламалардан сақ болу қажет. Себебі хакерлік шабуылдар күн санап күрделеніп, толық автоматтандырылып келеді.