Home Технологиялар Инновациялар Екі өлшемді материалдармен жұмыс істейтін әлемдегі тұңғыш компьютер жасалды

Екі өлшемді материалдармен жұмыс істейтін әлемдегі тұңғыш компьютер жасалды

14

Пенсильвания штаты университетінің ғалымдары кремнийсіз жұмыс істейтін алғашқы компьютер прототипін таныстырды. NV Techno хабарлауынша, бұл – атом қалыңдығындағы екі өлшемді (2D) материалдарға негізделген әлемдегі тұңғыш CMOS-компьютер.

Зерттеушілер құрылғыны жасау үшін дисульфид молибден мен диселенид вольфрамды пайдаланған. Бұл материалдар өте жұқа болғанымен, берік және түрлі жағдайларға төзімді. Осылайша, бұрын мүмкін емес деп саналған кремнийсіз толыққанды CMOS-схемасы алғаш рет жүзеге асты.

Жаңа чиптің жұмыс жиілігі – 25 килогерцке дейін. Ол аса жоғары өнімділігімен көзге түспесе де, энергияны өте аз тұтынады. Қазіргі таңда бұл құрылғы дәстүрлі микросхемалармен бәсекеге түсе алмайды. Алайда оның негізінде болашақта смарт-сағаттар, киілетін гаджеттер мен интеллектуалды датчиктерге арналған шағын әрі қуат үнемдейтін электроника жасалуы мүмкін.

Зерттеудің басты жаңалығы – ғалымдардың алғаш рет екі түрлі транзисторды (n және p типтері) бір құрылымда біріктіре алуы. Бұл екі өлшемді материалдарға негізделген схемаларды дамытудың жолында үлкен тосқауыл саналып келген еді.

Қазіргі прототиптің мүмкіндігі шектеулі болғанымен, сарапшылар бұл технологияның болашағы зор екенін айтуда. Екі өлшемді материалдар саласындағы зерттеулерге небәрі 15 жылдай ғана уақыт өткеніне қарамастан, оның даму қарқыны ғылым мен техникада жаңа дәуір басталатынын байқатады.