Home Робот пен дрондар,ЖИ Талдықорған оқушылары жасаған робот Марсқа жол ашуы мүмкін

Талдықорған оқушылары жасаған робот Марсқа жол ашуы мүмкін

13

Талдықорғандағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушылары Сания Шохан мен Еңлік Маман Mars-ты зерттеуге арналған ерекше роботтың сұлбасын құрастырды. LikiSanktum деп аталатын бұл жоба оларды халықаралық «Kazakhstan Smart Space 2025» байқауында жеңіске жеткізді. Байқауға алты елден 60-тан астам команда қатысқан болатын.

Сания мен Еңлік бір үйірмеде робототехникамен айналысады. Олар байқауға қатысу туралы ұсынысты тәлімгерлері Николай Авдюниннен естіген. Кейін қыздар бірнеше күн бойы болашақ роботтың формасы мен міндеті туралы ой қозғап, түрлі идеяларды талқылаған.

« Алғашында сан алуан ойдың жетегінде жүрдік. Қарапайым камерасы бар тағы бір ғарыш арбасын жасауға көңіліміз тартпады. Өзгеше, ешкімнің ойына келмеген дүние болсын дедік. Осылай ізденіп жүріп, назарымыз Марсқа түсті. Содан бастап қызыл ғаламшардың ауасы, жер бедері мен зерттеудегі қиындықтары туралы деректерді тереңірек ақтара бастадық. Бір жолы жанартаудың атқылауы кезінде пайда болатын жерасты үңгірлері жайлы материалға кезіктік. Тұтас бір астарлы әлем секілді көрінді бізге. Әуелде бұл дерек ертегідей әсер етсе де, кейін осындай үңгірлер ғарышкерлерге пана бола алады деген ой көңілімізге қонып, жобамыздың арқауына айналды»,- дейді Еңлік.

Талдықорған оқушылары жасаған робот Марсқа жол ашуы мүмкін

Сол кезде тәлімгеріміз жер қыртысын сейсмикалық әдіспен зерттеу тәсілі туралы айтып берді. Яғни, жерге діріл жіберіп, қайтарылған толқындар арқылы астында не бар екенін анықтауға болады.

Осылайша LikiSanktum идеясы туды. Яғни , жер бетін жеңіл түртіп, астындағы діріл толқындарын «тыңдай» алатын шағын құрылғы. Бұл тәсіл топырақ астында бос кеңістіктер бар ма, олар қаншалық терең әрі берік деген сияқты маңызды мәліметтерді анықтауға мүмкіндік береді.

« Ертең адамзат Марсқа аяқ басса, ең әуелі баспана қажет болатыны анық. Біздің робот сол үшін – болашақта ғарышкерлер тығыла алатын қауіпсіз үңгірлерді анықтауға көмектессе дейміз. Қызыл ғаламшарда радиация мен құмды дауылдан қорғанатын жер табу өте маңызды»,- дейді Сания мен Еңлік.