Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы 3 000-нан астам ауылдық елді мекенді интернетпен қамту жөнінде инвестициялық келісімге қол қойды.
Талшықты-оптикалық желі жоспарланған мерзімнен бір жыл ертерек, 2026 жылдың соңына дейін тартылады. Ал шалғай өңірлерге интернет спутниктік байланыс арқылы 2027 жылдың соңына дейін жеткізіледі.
Нәтижесінде 2027 жылдың соңына қарай елдегі ауылдардың 99 пайызы жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылады. Бұл желіге мектептер мен ауруханалар, әкімшілік ғимараттар, мемлекеттік мекемелер, халыққа қызмет көрсету нүктелері мен 40-тан астам шекара өткелі қосылады. Ауылдар 88% – талшықты-оптикалық, ал 12% – спутниктік арна арқылы интернетке жалғанады.
Жобаның жалпы құны – 239 миллиард теңгеден асады. Бұл – бюджеттен тыс инвестиция. Мұндай ауқымды жұмысты жүзеге асыруға «Қазақтелекомның» телеком инфрақұрылымының мүмкіндігі жол ашты.
Сонымен қатар, ауылдық жерлердегі ұялы байланыс базалық станцияларының инфрақұрылымы да жаңартылып, мобильді интернет сапасы едәуір жақсарады.
«Елімізді толыққанды цифрлық кеңістікке айналдыру жолына түстік. Басты мақсатымыз- тек интернет тарту емес, ауылдарды сандық экожүйеге қосу. Бұл білімге, медицинаға, мемлекеттік қызметтерге тең қолжетімділік үшін өте маңызды. Тұрақты әрі ашық инфрақұрылым ауыл мектебінің, жергілікті бизнестің, жастардың болашағына жол ашады»,- деді министр Жаслан Мәдиев.
«Ауыл мен қала баласының мүмкіндігі тең болуы тиіс: оқуға, дамуға, технологияны қолдануға. Бұл жоба – цифрлық теңсіздікті жоюға жасалған нақты қадам. Бүгінде интернет – сән емес, қажеттілік. Мұны БҰҰ да, Мемлекет басшысы да мойындап отыр»,- деп атап өтті «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Багдат Мусин.
Ауылды аймақтарда интернетке қосылу мүмкіндігін telecom.kz/ru/auylonline сайтынан тексеруге болады.