Ресейде 6 мен 13 жас аралығындағы балаларға арналған ерекше құрылғы жарыққа шықты. «Аддитивті технологиялар» деп аталатын бөлімше мамандары «3D Креативик» деп аталатын жиынтық әзірлеген. Бұл – жас өнертапқыштар мен жаңа технологияларға қызығатын бүлдіршіндерге арналған толыққанды үшөлшемді баспа құралдары жинағы.
Жиынтықтың ішіне 3D-принтер, экологиялық таза PLA-пластик, дайын бұйымдарды өңдеуге қажетті құралдар, жануарлар, ойыншықтар мен түрлі механизмдер түріндегі 20-дан астам үшөлшемді үлгі, арнайы бағдарлама және нұсқаулықтар кіреді. Ең бастысы – құрылғының қауіпсіздігі толық сақталған.
«Аддитивті технологиялар» бөлімшесінің жетекшісі Илья Кавелашвилидің айтуынша, бұл жиынтық – заманауи білім беру жүйесіндегі маңызды қадам. Ол балалардың жоғары технологиялар саласына қызығушылығын арттырып, болашақта кадр тапшылығын жоюға сеп болмақ.
«3D Креативик» — жай ғана ойын құралы емес. Бұл – бүтін бір әлем. Ол бала қиялын шарықтатып, кеңістіктік ойлауын дамытып, шығармашылық әлеуетін ашады. Ең бастысы – жаңа технологияларды ойын түрінде үйренуге мүмкіндік береді, – дейді компания өкілі.
Сарапшылардың пікірінше, мұндай құрылғы кез келген үйде қолдануға лайық. Ол балаларды компьютерлік ойындардан алыстатып, инженерия мен жоғары технологиялардың қыр-сырын ерте бастан меңгеруге жетелейді.