Қазақстанға Орталық Азия тарихындағы алғашқы әрі ең қуатты суперкомпьютерлік кластер жеткізілді. Оның өнімділігі 2 экзафлопсқа жуықтайды. Бұл құрылғы — жасанды интеллект пен жоғары өнімді есептеулерге арнайы жасалған NVIDIA H200 графикалық процессорларында жинақталған.
Суперкомпьютер елордадағы Tier III сенімділік деңгейіне сай жаңа дата-орталыққа орнатылады. Бұл — Мемлекет басшысының цифрлық инфрақұрылым қалыптастыру және ұлттық жасанды интеллект экожүйесін дамыту туралы тапсырмасын жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам. Жоба тек мамандарға арналмаған, жалпы еліміздің цифрлық әлеуетін арттыруға бағытталған. Мұндай есептеу қуаттары бүгінде денсаулық сақтау, энергетика, білім беру және мемлекеттік қызмет көрсету салаларында кеңінен қолданылады.
Ең маңыздысы — суперкомпьютер ресурстары баршаға қолжетімді болады. Нақтырақ айтқанда, нейрожелілерді үйретуге қуат қажет стартаптар, іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізетін университеттер, сондай-ақ бизнесіне жасанды интеллект енгізуді көздейтін ғылыми орталықтар мен компаниялар осы жүйеге қосыла алады.
Суперкомпьютердің Қазақстанға жеткізілуі жоғары өнімді есептеулер экожүйесін дамытуға жол ашты. Сонымен қатар, бұл — елімізде алғаш рет жоғары технологиялық жабдықты кедендік баж салығы мен қосылған құн салығынсыз импорттау механизмінің іске қосылуы. Мұндай қадам Қазақстанды халықаралық ІТ-компаниялар мен дата-орталық операторлары үшін әлдеқайда тартымды нарыққа айналдырады.
Айта кетейік, Абу-Дабидің тақ мұрагері, шейх Халед бин Мохаммед бин Зайд Әл Нахаянның Қазақстанға ресми сапары аясында Presight (G42) компаниясының Астанадағы шетелдік кеңсесінің ашылу рәсімі өтті. Сапар барысында Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Presight компаниясы арасында елімізде суперкомпьютерлік кластер құру жөнінде келісімге қол қойылды.
«Бұл — еліміздің цифрлық инфрақұрылымын дамытудағы стратегиялық маңызы зор қадам. Ол Қазақстанның цифрлық егемендігін күшейтіп, жасанды интеллект технологияларын дамытып жатқан өңірлік көшбасшы ретіндегі орнын нығайтады», — деді министр Жаслан Мәдиев.
Аталған жоба — Қазақстанда 2029 жылға дейінгі жасанды интеллектті дамыту тұжырымдамасын іске асыру жолындағы маңызды бағыттардың бірі және заманауи ІТ-инфрақұрылым қалыптастырудағы негізгі кезеңдердің бірі саналады.