Home Ойын-сауық Киберспорт Астанада халықаралық “PGL Astana 2025” турнирі аяқталды

Астанада халықаралық “PGL Astana 2025” турнирі аяқталды

30

10-18 мамыр аралығында Астанада Counter-Strike 2 бойынша « PGL Astana 2025 » халықаралық турнирі өтті, деп хабарлайды Kazinform. Оған АҚШ, Германия, Бразилия, Моңғолия, Түркия және Қазақстан секілді 16 елден командалар қатысты.

Турнир екі кезеңнен тұрды. Топтық жарыстар жабық студияларда швейцар жүйесі бойынша өтті. Ал 16-18 мамыр аралығында «Барыс Аренада» плей-офф және финалдық ойындар ұйымдастырылды. Матчтарды тек қазақстандық жанкүйерлер ғана емес, бүкіл әлемдік аудитория онлайн трансляциялар арқылы тамашалады.

Жеңімпаз атанған – ресейлік Team Spirit командасы. Олар финалда Дания құрамасы Astralis-пен кездесіп, 3:1 есебімен жеңіске жетті. Жүлде қорынан жеңімпаздарға 200 мың доллар табысталды. Жалпы турнирдің жүлде қоры 1 250 000 долларды (шамамен 600 миллион теңге) құрады.

Турнирдің ең құнды ойыншысы (MVP) – 17 жастағы Team Spirit құрамасының ойыншысы donk атанды. Оның ойын үлгісі жарыста ерекше көзге түсті және жоғары деңгейдегі жеке шеберлігін дәлелдеді.

Үшінші орын үшін өткен ойынға Қазақстаннан Данил «molodoy» Голубенко қатысқан FURIA командасы қатысты. Олар туркиялық Aurora Gaming командасынан жеңіліп, төртінші орынға тұрақтады.

«Турнир туған елімде өтіп жатқандықтан, титулды алғым келді. Әр жарысқа бірдей дайындалу керек. Мұнда өнер көрсету мен үшін аса құрмет. Нәтиже қалағандай болмады, бірақ баға жетпес тәжірибе жинадым. Бүгіннен бастап келесі турнирге дайындалып, жақсы нәтижеге жетуге тырысамыз», – деді Данил Голубенко.

Қазақстан киберспорт федерациясы PGL Astana 2025 турнирін еліміздегі киберспорт индустриясының дамуына елеулі серпін берген маңызды оқиға деп бағалады. Бұл жарыс Қазақстанның халықаралық деңгейдегі ірі киберспорт шараларын өткізу алаңы ретінде беделін нығайтты және жергілікті ойыншыларға жаңа мүмкіндіктер ашты.